Көрісу күнін Амал мерекесі деп те атайды. Яғни, адамдар бір-бірінің өкпе-реніштерін кешіріп, ортадағы араздық ұмытылады. Осындай жанға жылу сыйлап, ағайын арқа-жарқа болар мереке бүгін “Dostyq mall” сауда-ойын сауық орталығында атап өтілді. Жергілікті қазақ театрының ұжымы нысанды бір сәтте сахна төріне айналдырды. Кіреберістен бірден “Жарапазан” әнін шырқап, ішіндегі жандарға өнерлерін паш етті.
Тұрғындар да өнерпаздарды құрмет-қошеметпен қарсы алап, өнерлеріне тәнті болды. Ұжымның дайындап әкелген ән мен билері аз емес.
ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
– Осындай айрықша мерекеде қала тұрғындары мен қонақтарға концерттік шара дайындадық. Әніміз де, биіміз де жететін. Баршасын бүгінгі мерекемен құттықтаймын.
Жиылған қауым қалталарындағы телефондарын алып шығып, той-думанды видеоға түсіріп жатты. Күміс көмей әншілер мен бишілер тұрғындармен құшақтасып, мерекелік ізгі ниеттерін білдірді.
Мәдина Қаби