Білім

“Қазақстанның әскери қауіпсіздігі”: Петропавлда дәстүрлі халықаралық конференция өтті

Алдағы аптаның сейсенбісінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының құрылғанына 28 жыл болады. Осыған орай Петропавлда дәстүрлі жиын өтті. “Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету контексінде әскери білім беруді дамыту” тақырыбындағы ХІІ халықаралық ғылыми практикалық конференция онлайн режимде ұйымдастырылды. Оған 3 елдің өкілдері қатысып, саланы алға жылжытуға негізделген жұмыстарын ұсынды.

АРХАТ ТӘТТІМБЕТОВ, ҚР ҰҰ академиясы моральдық-психологиялық қамтамасыз ету циклінің бастығы:

– Конференция халықаралық статусқа ие. Бізге Ресей, Беларусь елдерінің және Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушыларынан 120-дан астам ғылыми еңбек түсті. Арнайы жинақ шығарылады. Ол әскери және күштік құрылымдарға жіберіледі.

Бұған дейін отандық шенділер айналаға қолдарын маңдайға қоя қараса, қазір дүрбімен шолу жасайды. Яғни, жаһандағы жағдайды бақылайды. Бүгінгі әскери білім соған негізделген. Өйтпеске амал жоқ. Көштен қалмау қажет. Егер керуенге ілесе алмасақ, адым жасаудың өзі тауға шыққанмен бірдей болмақ.

АРХАТ ТӘТТІМБЕТОВ, ҚР ҰҰ академиясы моральдық-психологиялық қамтамасыз ету циклінің бастығы:

– Әлемдегі қауіпсіздікке байланысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Білім беру кезінде сараптама жұмысы жүргізіледі. Бұл әскери ғылымда да бар.

Қазір әскери қауіпсіздік дегенде көз алдымызға заман игіліктері келеді. Осы орайда әскердің рухы ұмыт қалмауы тиіс. Әкенің қанымен, ананың сүтімен келген ар мен намыс қашан да биік тұруы тиіс. Ұлттық ұлан академиясында бұған зор мән берілген.

АРХАТ ТӘТТІМБЕТОВ, ҚР ҰҰ академиясы моральдық-психологиялық қамтамасыз ету циклінің бастығы:

– Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, барлау бағытын дамытуға мән беру керек. Сонымен қатар, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі ұмыт қалмауы тиіс.

Шекараның шетінде негізі қаланған академия ұстаздары қазір цифрландыруға ден қойған. Олардың міндеті – курсанттарды жаңашылдыққа бейімдеу. Қуантарлық жайт, қара шаңырақ қабырғасында Мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асуда.

МАҚСАТ АХМЕТОВ, ҚР ҰҰ академиясының магистрі:

– Президент Ұлттық құрылтайда жасанды интеллект және цифрландыру жайлы айтты. Нақты тапсырма берді. Бұл бағытта Ұлттық ұлан академиясында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңадан кафедралар ашылды.

Халықаралық ғылыми практикалық конференцияға орай көрме де ұйымдастырылды. Маңызды шараға қатысушылар әскери білім беру бағытындағы жұмыстармен, жергілікті академияның жетістіктерімен танысты.

 

Байболат Құлтанов