Тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру. Бүгін облыс орталығында мұғалімдер арасында кезекті семинар өтіп жатыр. Бұл жолғы семинар нысаналы мектептердің ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 20 мектептің педагогтарымен басқа қалалардан арнайы шақыртылған мамандар мен “Өрлеу” қызметкерлері жұмыс істеуде. Мамандардың айтуынша, тыңдаушылар функционалдық сауаттылыққа бағытталған тапсырмаларды орындап, оны саралайды.
ӘСЕЛ ЖАҚСЫЛЫҚОВА, “Өрлеу” БАҰО” АҚ СҚО бойынша филиалының аға оқытушысы:
-Негізі, көбіне ауылды жерлерде ағылшын тілі бойынша бір сыныпта оқитын балалардың дәрежесі әртүрлі болады. Бірінің білімі таяз болса, енді бірі өзі ізденіп, біраз дүниені меңгеріп алады. Бүгін біз семинарға қатысушыларға балалардың білім деңгейлерінің арасындағы алшақтықты азайтып, жаңа әдіс-тәсілдерді сабақ барысында қалай дұрыс қолдану қажеттігін үйретеміз.
Мұндай семинар өңірде дәстүрлі түрде жылда өткізіліп тұрады. Осы жылы білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз деп білімін арттыруға келген педагогтер саны – 30.
ДИЛЬНАРА МУСИНА, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі:
– Қазіргі таңда бізге оқытушылар өздерінің білімдерімен бөлісіп, жаңа тәсілдер туралы айтуда. Бұның барлығы – біз үшін зор білім.
Шара соңында педагогтердің әрқайсысына сертификат табысталады.
Мәдина Қаби