Апат айтып келмейді. Синоптиктердің болжауынша, келесі аптадан бастап облысымызда күн күрт жылиды. Тиісінше, қар еріп, су тасқыны қаупі күшейеді. Былтыр орын алған апаттан кейін, төтеншеліктер кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Мына сап түзеген құтқарушылар құрал-жабдықтарын даярлап, 16-наурыз күні өңір аудандарына аттанбақ. Олардың дайындығымен облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов танысты.
Аудандарға облыс орталығынан 200 құтқарушы мен 65 техника, 7 жүзу құралы және 92 мотопомпа жөнелтілетін болады. Мамандар елді мекендердегі Есілге ағатын шағын өзендерде мұз жару және арықтарды тазалау жұмыстарымен айналысады. Төтеншеліктер болуы мүмкін апатқа сақадай сай. Олар былтырғы тасқыннан кейін кез келген жағдай дайынбыз дейді.
ДӘУРЕН ТАУБАЕВ, СҚО ТЖД басқармасының бас маманы:
– Облыстық ТЖД 1900-ден астам жеке құрам мен 1400 күш құралы дайындыққа келтірілді. Өңірде 116 елді мекенді су басу қаупі бар.
Былтырғы апат кезінде мына құтқарушылардың барлығы кірпік қақпай еңбек еткен. Күні-түні тасқынмен арпалысқан. Яғни, тәжірибелі деп айтуға толық негіз бар.
НҰРТАС НҰРМАН, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
– Биыл мен Ғ.Мүсірепов ауданына баратын боламын. Жергілік әкімдік өкілдерімен бірлесіп, тұрғындарға көмек көрсетеміз. Өткен жылдары Тимирязев және Айыртау ауданына барған болатынмын.
Өңірімізде су тасқынының алдын алу үшін өзге аймақтар да көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, Қызылжар ауданында өткен аптадан бері қарағандылық 50 сарбаз бен 5 техника бөгеттерді нығайту жұмыстарына жұмылдырылған.