Білім

«Серпін»: университет пен жұмыс берушілер арасында меморандумға қол қойылды

Енді “Серпін” бағдарламасымен білім алған жастар жұмыс іздеп әуре болмайды. Бүгін жергілікті университет қабырғасында «Серпін» түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс берушілермен келісімге қол қойылды. Шара “Серпін” жобасын іске асыру жөніндегі өңірлік жұмыс тобының қолдауымен ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан қатысты.

АҚЕРКЕ АБЫЛАЙХАН, ҚР ҒЖБМ Жоғары және ЖОО кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:

– Жалпы, бүгінгі таңда университет пен жұмыс берушілердің арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. “Серпін” бағдарламасы бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да білім алған түлектер бірден жұмысқа орналасып кетуіне жағдай жасау қажет. Себебі, олар басқа өңірлерден келген.

Қозыбаев университетінде қазір аталған жоба аясында 167 студент білім алып жатыр. Биыл 65-і техникалық, ауыл шаруашылығы және педагогикалық мамандықтар бойынша диплом алады. Солардың бірі – Әлия Үйсін. Алматылық қыз бүгінгі келісімнің қолына диплом алған жас маманға жұмыс табуға зор ықпалын тигізеді дейді.

ӘЛИЯ ҮЙСІН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ 4-ші курс студенті:

– “Серпін” бағдарламасымен өзімнің қалаған мамандығыма оқуға түстім. Біз үшін бұл меморандум тарихи сәт деп айта аламын. Бос жұмыс орындары арқылы тез жұмыс тауып, болашақты жоспарлай аламыз.

Меморандум оқу орны мен бірнеше жұмыс берушінің арасында жасалды. Оның ішінде “Азаматтарға арналған үкімет” өкілдері, полиция департаменті, мейрамханалар мен мейманханалар иелерінің қауымдастығы, табиғи ресурстар басқармасы мен бірнеше кәсіпорын басшылары бар. С.М.Киров атындағы зауыт директорының бірінші орынбасары Дидар Тасыбек өндіріс орнында, әсіресе, инженерлер жетіспейді дейді. Зауытта жұмыс істеуге құштар адамға тиісті еңбек жағдайы жасалады.

ДИДАР ТАСЫБЕК, С.М.Киров атындағы зауыт директорының бірінші орынбасары:

– Бізде жұмыс істеуге келген адамға заңнамалық тәртіпте бекітілген шарттар қойылады. Өзіміз жұмысқа қабылданушыларды қолдап, бәрін үйрететін боламыз. Жатақхана да береміз. Жұмыс істегеніне қарай, қосымша сыйақы да тағайындаймыз.

Айта кетейік, өңірде 10 жылда ішінде “Серпін” бағдарламасы бойынша 1300-ден астам жас оқуын аяқтап, 400-ден астамы жұмысқа орналасқан.

 

Севара Зияхан