“Заманың түлкі болса, тазы болып шал” дегендей, қазір қылмыстың алдын алу мен анықтауда тың тәсілдер қолданылып жатыр. Соның бір қатарынан СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері хабардар. Нәтиже бар. Мәселен, қырағы қызметкерлер қомақты бюджет қаржысының негізсіз жұмсалуына жол бермеген.
ДИАС ҚАБЕШ, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының анықтаушысы:
– Департамент кәсіпорындардың қызметін қашықтан талдау үшін заманауи аналитикалық құралдарды пайдаланады, бұл кәсіпорындардың кәсіпкерлік қызметіне араласпай тәуекелдерді анықтауға және қылмыстық қудалау орбитасына парасатты кәсіпкерлерді тартуды болдырмауға мүмкіндік береді. Жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде соңғы 2 жылда 2 млрд теңгеден астам сомаға құрылыс және жайластыру жобаларын іске асыру кезінде негізсіз бюджеттік шығындарды болдырмай тәуекелдер анықталды.
Департамент өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын негізсіз арттырғандарды да тәртіпке салады. Заң бойынша сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс. Алайда, бұған кейбір кәсіпкерлер мұрынды шүйіре қарайды екен.
ДИАС ҚАБЕШ, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының анықтаушысы:
– Бұл ретте жекелеген жеткізушілер белгіленген нормаларды елемейді, мысалы, жеткізуші 300 теңге бағамен түрлі сортты күріш сатып алып, оны 450 теңгеге сатады. Сауда үстемесі 50% құрайды, ал рұқсат етілген 15%. Нәтижесінде қарапайым сатып алушы тұлғасында соңғы алушы зардап шегеді. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 40-тан астам бұзушылық анықталды, ол үшін 1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл өндірілді.
Алдағы уақытта айыппұл төлеуі тиіс кәсіпкерлердің саны артады. Ағымдағы жылдың басынан бастап бейінді департаментке әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін 6 материал жіберіліпті. Басым бағыттардың тағы бірі – қаржы пирамидалары және құмар ойынмен күрес.
ДИАС ҚАБЕШ, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының анықтаушысы:
– Жалпы саны 5000 адамнан асатын қаржы пирамидалары мен құмар ойындарының белгілері бар 7 әлеуметтік желідегі аккаунт анықталды. Ағымдағы жылдың басынан бастап базаға заңсыз контентпен 450-ге жуық сілтеме енгізілді. Қабылданған шаралар белгіленген арналардың мақсатты аудиториясы болып табылатын облыс тұрғындарын салымдар арқылы пирамидалардың қызметіне тартудан қорғауға мүмкіндік берді.
Шенділер аталған бағыттардағы жұмысты жалғастырмақ. Олар тұрғындарды қулардың құрығына түспеуге шақырады.
Байболат Құлтанов