Қоғам

Қайсар қыз

Петропавлдың кішкентай тұрғыны Әдия Бұрлұқпай сирек кездесетін жеткіліксіз остогенез дертіне шалдыққан. Нәзік сүйегі жиі сына бергендіктен кішкентай бойына бірнеше жерден темір орнатылған екен. Балғын Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының 4-ші сыныбында оқиды. Әдия бойындағы емі қиын дертке қарамастан өмірге деген құлшынысын жоғалтпайды. Қайсарлықтың үлгісін көрсеткен бұрымдының тұла бойы тұнып тұрған өнер. Тіпті, болашақта барша әлем танитындай көрнекті жазушы атанғысы келеді.

ӘДИЯ БҰРЛҰҚПАЙ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп -гимназиясының оқушысы:

– Мен жүзуге 7 айдан артық барамын. Мәскеу қаласында өткен онлайн-фестивальден ән айтудан екінші орын алдым. Ән шырқағанды жаным сүйеді. 2-ші сыныптан бері фортепиано ойнауды бастаған болатынмын. Сонымен қатар, сурет те саламын. Ермексазбен қызықты мүсіндер жасағанды ұнатамын.

Дарынды да ерекше бала тәрбиелеп отырған анасы Гүлнәр Бұрлұқпаеваның қызының жағдайы жанына батады. Бірақ, бауыр еті баласының күлімдеген көзін көргенде бар мәселені ұмытамын дейді.

ГҮЛНӘР БҰРЛҰҚПАЙ, Әдияның анасы:

– Әдия басқа балаларға қарағанда өте ерекше. Ол өмірге шынайы қарай алады, әрқашан алға ұмтылып тұрады. Әрқашан көңілді. Өзі нәзік болса да өте мықты қыз. Ештеңеге налып, ренжімейді.

Әдия Бұрлықпай себепкер болған жиында ерекше балалар күнделікті өмірде тап болатын мәселелер туралы айтылды. Осы орайда анасы мұндай жандар үшін қоғамдық нысандарда мүлдем жағдай жасалмағандығын жеткізді. Жиынға қалалық мәслихат депутаты Сәлімхан Сәбитов пен облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Халық қалаулысы мүмкіндігі шектеулі жандар тап болатын мәселелерді шешуді жұмысында басты назарға алған.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихат депутаты:

– Бұл кісілердің мәселелерін тыңдап, енді депутат ретінде айналысатын боламын. Өзіміздің қаламызда және өңірімізде осындай мүгедек жандардың санын біліп, жағдай жасайтын боламын. Мектеп оқушылары үшін демалатын орын бар ма екен, оны да қарастырамын.

 

Мәдина Қаби