Қазір облыс орталығында қар тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алайда, жол тазалаушы кәсіпорындарға өз міндетін дұрыс атқаруға көше бойында қараусыз қалдырып кеткен көліктер кедергі келтіріп жатса керек. Осы ретте тәртіп сақшыларының тұрғындарға айтар ескертпесі бар. Сондай-ақ, мамандар барлық меншік иелеріне өз аумағындағы қарды шығаруы қажеттігін түсіндіруде. Аумағындағы қарды шығармаған адамға берілген ескерту 10 күн ішінде орындалуы керек. Ескерту еленбесе, айыппұл салынады. Облыста полиция қызметкерлері жыл басынан бері абаттандыру ережесін бұзуға қатысты 3 мыңнан астам ескерту жазған.
ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД ЖПҚБ бастығы:
– Петропавл қаласының және Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын көпқабатты үйлердің айналасын және шатырларын қар мен мұздан тазарту қажет екенін ескертеміз. Өйткені Солтүстік Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерін абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Данаш Хамза