Наурыз айының соңында күн күрт жылынса, өткен жылғы жағдай тағы қайталануы мүмкін дейді төтеншеліктер. Мамандар қазір алдын алу жұмыстарына қызу кіріскен. Жуырда көмекке 50-ден астам қарағандылық әскери келген. Шенділер Қызылжар ауданындағы 600 метрлік дамбыны нығайтуға жұмылдырылыпты. Одан бөлек 4 жарым мыңнан астам қапқа құм толтырылған. Аталған ауданда мұз жару жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Есіл мен бірнеше шағын өзенде екі күн ішінде 2,5 мың шаршы метрден астам аумақтың мұзы жарылған. Бұл мұз кептелісін тудырмай, судың бөгелмей, біркелкі ағуына ықпал етеді. Маңызды шара Ақжар, Айыртау, Есіл, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандарында да жүргізіледі. Аталған мақсатқа жергілікті атқарушы органдар 70 млн теңгеден астам қаржы бағыттапты. Мамандар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да қолға алған.
ВЛАДИМИР ХУТИНАЕВ, СҚО ТЖД жоспарлау және жедел ден қою орталығының бастығы:
– Тұрғындар арасында профилактикалық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар да өз тарапынан дайындық шараларын қолға алғаны абзал. Қарғын су көп мөлшерде келетін болса, жер үйде тұратындар бөгелмей, бірден баспаналарын босатқан дұрыс. Мамандардың айтқан сөздеріне құлақ асу қажет. Немқұрайлылық адам өміріне қауіп төндіреді.
Мәдина Қаби