Италияның Лидо-ди-Йезоло қаласында кикбоксингтен өткен Әлем кубогінде жерлестеріміз тарихта ойып тұрып орын аларлық жетістікке жетті. Турнирде 46 елден 400-ден астам спортшы бақ сынаған. Солтүстікқазақстандық спортшылар халықаралық аренада өздерінің шеберліктерін дәлелдеп, ел қоржынына 4 медаль салды. Жеңімпаздарды жақындары теміржол вокзалынан қошеметпен қарсы алды.
ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы:
– Спортшыларымыз екі алтын, бір күміс және бір қола медаль әкелді. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын алдық. Текетірес оңайға соққан жоқ. Спортшылар бір күнде екі жекпе-жектен өткізген күндер болды. Олар өздерінің мықтылығын дәлелдеді.
Алтын медальді Нұрсұлтан Жақыпов пен Аслан Асылбеков қанжығаласа, Данияр Жарасов күміс медальға қол жеткізген. Ал Ибрагим Беков қоржынды қола медальмен майлаған.
АСЛАН АСЫЛБЕКОВ, кикбоксингтен әлем кубогінің төрт дүркін чемпионы:
– Мен үш жекпе-жек өткіздім. Барлығында жеңіске жеттім. Дайындығымы жоғары деңгейде болды. Оқу-жаттығулар Алматы қаласы мен Түркияда өтті. Мен өзімді физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да шыңдап бардым. Соның нәтижесінде жеңіске жетім.
Дүбірлі додада ел құрамасы барлығы – 14 алтын, 7 күміс пен 6 қола медаль еншілеген.