Қоғам

Өңірге Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева келді

Облысымызға жұмыс сапарымен ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева келді. Ол ең алдымен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ұйымның жергілікті өкілдерімен жиын өткізді. Отырыс барысында ол қоғамдық бірлестіктердің нормативтік қызметі, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру және қоғамдық бақылауды күшейту мәселелеріне тоқталды. Әлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырды.

ГҮЛНӘР ЖҰМАГЕЛДИЕВА, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:

– Биыл еліміздегі кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Ал кәсіподақ қозғалысының басталғанына тура – 120 жыл. Осыған байланысты әр өңірдегі жергілікті қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, бар білгенімізді үйрететін боламыз. Біз мыңдаған адамға қызмет көрсетеміз. Сондықтан, әлеуметтік желіде белсенді болуымыз қажет. Олар сол арқылы білмеген дүниелерінен хабардар болады. Бұл қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға зор септігін тигізеді.

Бүгінгі күні облыстық кәсіподақтар ұйымына 65 мыңнан астам теріскейлік мүшелік етеді. Сол жандардың құқығын қорғау және қиын шақта жәрдемдесу – қоғамдық бірлестік өкілдерінің басты міндеті. Сондықтан, мамандардың білікті болуы аса маңызды. Бүгінгі шара олардың білімін арттыруға зор септігін тигізетіні сөзсіз.

ЛЮДМИЛА ГОЛЕНКОВА, “СҚО кәсіподақ орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің заңгері:

– Бүгінгі жиынның, әсіресе, жас мамандар үшін маңызы зор. Мен өзім осы салада ондаған жыл қызмет етсем де сөз сөйлеген мамандардан мол ақпар алдым. Негізінен, біз қызметкерлерге еңбек бостандығы, демалу құқығы және әлеуметтік төлем алу бойынша кеңес береміз. Орталыққа кез келген ұйым мүшесі хабарласып, кеңес ала алады.

Жиын барысында қатысушылар Гүлнәр Жұмагелдиеваға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Басқосу соңында ол солтүстікқазақстандық кәсіподақтар қозғалысының белсенділеріне федерация атынан түрлі деңгейдегі медаль мен Құрмет грамоталарын табыс етті.

 

Нұрасыл Ахмет