Қоғам

“Наурыз” ипотекалық бағдарламасының шарттары

Біреу білсе, біреу білмес, елімізде 5-ші наурыздан бастап “Наурыз” ипотекалық бағдарламасына құжат қабылдау басталған болатын. Игі бастама аясында су жаңа үй алғысы келетіндер “Baspana market” порталы арқылы өтінім бере алады. Ал тиімді шарттар арқылы баспана алуды көздеген жандар құжаттарын 31-ші наурызға дейін тапсырып үлгеруі тиіс. Жобаның талаптары жайында бізбен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында “Отбасы банкі” облыстық филиалының директоры Нұржан Әлібеков бөлісті.

НҰРЖАН ӘЛІБЕКОВ, “Отбасы банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Бағдарламаға қатысам деуші жандардың шотында кемі 2 млн теңге болуы шарт. Сондай-ақ, қарыз алушының және отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда үй болмауы керек. Одан қалды, 6 ай ресми табысы болуы міндетті. Ипотека рәсімдеудің шекті сомасы біздің өңірде 30 млн теңгені құрайды. Несие 19 жылға дейін берілетін болады. Айта кетейін, игі бастамаға кез келген қазақстандық азамат қатыса алады.

Нұржан Әлібеков жиын барысында тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті. Елімізде 17-ші наурыздан бастап “Наурыз жұмыскер” деп аталатын бағдарлама іске қосылады. Жаңа жоба жұмысшы мамандарға арналған. Игі бастамаға 72 млрд теңге бөлінген. Осы арқылы 2400-ден астам еңбеккер жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үй мәселесін шеше алады.

НҰРЖАН ӘЛІБЕКОВ, “Отбасы банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Бағдарламаға өндіріс, құрылыс, энергетика, көлік, мал шаруашылығы, су ресурстары мен ирригация салаларында жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады. Жоба талаптары бойынша тұрғындардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7 пайыз, қалған барлық санаттар үшін 9 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Ал бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін жарна 10 пайыздан басталады.

Нұржан Мұратұлының сөзінше, наурыз айы Отбасы банктің салымшылары үшін сәтті болмақ. Сондықтан, өңір тұрғындарына игі бастамалардан құр қалмай, жеңілдетілген несие арқылы баспана алуға кеңес береді.

 

Нұрасыл Ахмет