Былтыр Қызылжар ауданындағы Тепличное ауылының теміржол жақ бөлігі қызыл судың астында қалды. Биыл мұндайға жол беріп, сан соғып қалмау қажет. Қазір аумақ бөгетпен қоршалған. Жақында іске жауапты мердігер ұйым қорғаныс үйінісінің ұзындығын 200 метрге ұзартыпты. Жұмыспен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Аймақ басшысына тындырылған шаруа бастан-аяқ айтылды.
Тасқын қателікті кешірмейді. Бөгеттің әр метрі сын көтеруі тиіс. Ғауез Нұрмұхамбетов іске жауаптылардың барлығын өзіне қаратып, қазір сапаға баса мән беру қажеттігін айтты. Облыс әкімі Тепличное ауылының өзге тұсында да болды. Бұл төңіректе көтерілген қорғаныс үйіндісі арнайы жабындық материалмен қапталып жатыр. Бескөлде де қызу тірлік. Былтыр бірсыпыра бөлігі судың астында қалған елді мекеннің сыртындағы бөгет нығайтылуда. Теріскейліктерге Қарағандыдан сарбаздар көмекке келді. Оларға жайлы жағдай жасалуы қажет.
Өткен жылы Есіл өзенінің Новокаменка ауылы маңындағы тұсында мұз кептелісі болыпты. Салдарынан электр бағандары қираған, су жоғары жылдамдықпен көтерілген. Былтырғы жағдай қайталанбас үшін бүгін жару жұмыстары орын алды.
Қолдағы камераны шайқалтатын дүмпудің нәтижесінде ондаған шаршы метрдегі мұз жарылды. Өзеннің беті қайтадан қатады. Бірақ, негізгі қалпына келмейді, ол күн жылынғанда тез ериді. Танысу шарысынан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов Бескөлде кеңес өткізді. Маңызды жиынға Петропавл қаласының, Қызылжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл және Мамлют аудандарының әкімдері қатысты.
ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:
– Қыстың алдында топырақтағы ылғал мөлшеріне сараптама жасадық. Сонда Есіл, Қызылжар, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев және Мамлют аудандарындағы көрсеткіш 100 бен 170 мм аралығында болды. Бұл нормадан 46 және 78 пайызға, кей тұста 3 есеге дейін көп. Осының салдарынан күн жылынған кезде қар суы жерге жөнді сіңбеуі мүмкін. Ал жердің қатуына келсек, аталған аудандарда көрсеткіш 112 см-ге жетеді.
Бұған жауған және алдағы уақытта жауатын қар мен жаңбырды қосу қажет. Осылардың барлығын есепке алсақ, тасқын биыл да теріскейліктерді әлекке салуы ықтимал. Кеңес барысында өңір жетекшісі арнайы шақырылған әкімдерді мінберге шығарды. Петропавлда серіктестіктердің, жеке кәсіпкерліктердің аумағындағы қар енді шығарылып жатқанға ұқсайды. Ғауез Нұрмұхамбетов шаһар басшысы мен полицейлерге бұл үлкен қателік екенін айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл жұмыс неге қыстың ішінде жүргізілмеді? Маңызды істі енді қолға алып жатырмыз. Қазір жауаптыларды жазалай да алмаймыз. Алдымен оларға ескерту жасалады, уақыт беріледі, сосын барып қана айыппұл салынады. Біз қолымызды мезгілінен кеш сермедік. Серіктестіктер мен жеке кәсіпкерліктер қар шығарсын. Жұмысты ұйымдастырыңыздар!
Қызылжар ауданында да осындай мәселе бар. Сонымен қатар, мұндағы су жүретін құбырлардың алды ғана қардан тазартылып жатыр екен. Өңірдің бас құтқарушысының айтуынша, кем дегенде 10-15 метр тазартылу қажет. Сонда ғана тіршілік көзі емін-еркін өтеді. Тілдесу барысында аймақ басшысы осы жайтқа жеке тоқталып, қоластындыларға іске жүрдім-бардым қарайтын шенеуніктерді жазалауды тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұдан соң мінберге Есіл, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл және Мамлют аудандарының әкімдері шықты. Өңір жетекшісі барлығын сын таяғының астына алды. Баяндамашылар өткір тұстарды назарсыз қалдырған, кей сәтте айтылған сандар сәйкес келмеді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Петропавл қаласының, Қызылжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл және Мамлют аудандарының әкімдері тасқынға қарсы әзірленген іс-шаралар жоспарын уақытылы және сапалы орындасын. Қар шығару жұмысы қарқын алуы қажет. Бұл ретте мемлекеттік ұйымдармен шектеліп қалуға болмайды. Халықпен тілдесуді де ұмытпаған жөн. Адамдарға негізгі міндеттерді бүгіннен хабарлай берген абзал. Су жолдары мен құбырлар тазартылсын.
Жиын соңында облыс әкімі берген тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауында ұстайтынын тілге тиек етті.
Байболат Құлтанов