СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақ басшысы “CT Assambly” серіктестігінің студенттерге арналған оқыту орталығында болды

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңіріміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі “CT Assambly” серіктестігінде болды. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникаларын шығарумен айналысады. Аймақтағы комбайн, тракторлардың жартысынан астамы ескірген. Бұл, әлбетте, дала еңбеккерлерінің шаруасын қиындататыны сөзсіз. Аталған зауыт бұл мәселенің шешілуіне зор септігін тигізуде. Айта кету керек, өндіріс кешені немістік компания мен облыстық әкімдіктің қаржы құюының арқасында бой көтерген.

Кәсіпорында шығарылатын трактор, комбайндар ескі техникалармен істелетін бір айлық жұмысты 10 күнде тындыруға қауқарлы. Яғни, басқалардан 3 есе шапшаң қимылдайды. Облыс әкімі зауытты аралау барысында атқарылып жатқан жұмысқа оң бағасын берді. Айта кету керек, қазіргі таңда өндіріс орнында елімізде жоқ трактор жинақталуда.

Содан соң аймақ басшысы серіктестіктің жаңадан ашылған оқыту орталығына барды. Мұнда Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 8 студенті дуалды негізде білім алып жатыр. Игі бастама кәсіпорын мен білім мекемесі арасындағы меморандумның арқасында жүзеге асты. Айта кету керек, орталықтың мүмкіндіктерімен танысуға CLASS компаниясының вице-президенті Михаэль Риттер бастаған германиялық делегация келген.

Сергей Сафонов – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 2-ші курс студенті. Жігерлі жас серіктестікте 2 ай бойы білім алып жүр. Ол аз уақыттың ішінде біршама дүние үйренген. Болашақта Сергей осы зауытта жұмыс істегісі келеді.

СЕРГЕЙ САФОНОВ, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Мұнда керектінің бәрі бар. Құрылғылардың барлығы жаңа. Тиісінше, заманауи қондырғылар жаңа қабілеттерімізді ашуға зор септігін тигізеді. Біз кәсіпорында оқып жүріп жалақы да аламыз. Бұл біздің жұмысқа деген ынтамызды арттырады.

Өндіріс орны ниет танытқанның барлығын қабылдамаған. Жастар тест тапсыру арқылы іріктеуден өткен.

СЕРГЕЙ ЖОЛИК, “CT Assambly” ЖШС бас директоры:

– Көктемгі егіс науқанына дейін 70 жаңа техника жасап шығаруды жоспарлап отырмыз. Серіктестікте барлығы – 100 адам жұмыс істейді. Барлығы – білікті мамандар. Меморандумның арқасында біз өзімізге керекті жұмысшыларды даярлап қана қоймай, кадр тапшылығын жоямыз. Келісім 3 жылға жасалды. Осы уақыт ішінде жастар бізде теориялық және практикалық білім алатын болады.

Айта кету керек, өткен жылы кәсіпорында 350 бірлік техника шығарылған. Биыл олардың санын 530-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

 

Нұрасыл Ахмет