Жансая Сәлім Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жас маманы саналады. Ол аса жауапты салаға былтыр бет бұрды. Жұмысқа, ортаға тез үйренді. Бұл ретте білікті әріптестерінің еңбегін айту кетек керек. Олар тергеушіге ақыл-кеңес беріп, алғашқы баспалдақтарды аттауға зор үлес қосты.
ЖАНСАЯ СӘЛІМ, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының тергеушісі:
– 2024 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына түстім. Маусымның 24-і күні аяқтадым. Содан кейін СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының тергеушісі болып тағайындалдым. Өзіме тәлімгер бекітілді.
Жас тергеушінің жұмысы оңай емес. Кей кезде департамент қызметкерлері сабан арасынан ине іздегендей болады. Көлеңкелі экономикамен күресте бірде-бір жайтты назарсыз қалдыруға болмайды. Жансая үшін 12 сағатқа созылған тінту әрекеті аса қиынға соғыпты. Шахмат тілімен айтсақ, ол сол кезде пысықай кәсіпкерге “Шах және мат” қойған. Бизнес өкілі акцизсіз өнімді заңсыз түрде тасымалдаған және сатқан.
ЖАНСАЯ СӘЛІМ, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының тергеушісі:
– Тінту жұмысы жүктелді. Ең күрделі тапсырма сол болды. Бұл қылмыстық іс ҚР ҚК 214-бабы бойынша тіркелді. Таңғы 10-нан бастап, кешкі 10-ға дейін жұмыс істедім.
Жансая Сәлім “Заң мен тәртіп” қағидатын берік ұстанады. Басшылықтың әр тапсырмасын зерделейді, бұлжытпай орындайды. Бұл ретте оның бойындағы жеке қасиеттері де септігін тигізуде. Жас маман қайсар. Қиындыққа қарсы тұрады.
ЖАНСАЯ СӘЛІМ, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының тергеушісі:
– Қыз бала нәзік болып келеді. Бірақ, біздің жұмысымызда қайсарлық, табандылық, жігер-мінез керек. Сонымен қатар, білімді болу керексің. Егер адам бойында осы қасиеттер болмаса, экономикалық қылмыстардың алдын алу, жолын кесу қиын болады.
Тергеушінің арманы асқақ. Ол көлеңкелі экономикамен күрес саласында білікті маман атанғысы келеді. Жансая “Құқық бұзушылықтардың алдын алу арқылы Тәуелсіз елдің дамуына үлес қосу – басты міндетім” деп біледі.
Байболат Құлтанов