Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатқаны мәлім. Бұл тұрғыда Президенттің тапсырмасы бойынша арнайы Ұлттық жоба да бекітілді. Оның мақсаты – желілер мен нысандарды жөндеу және тұрғызу. Жоспарларған іс 2025-2029 жылдары жүзеге асады. Осы және өзге де дерек өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.
ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Ұлттық жобада Солтүстік Қазақстан облысы бойынша энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жалпы сомасы 511 947 млн теңге инвестиция қарастырылған. Қаржының 82 327 млн теңгесіне 83 км жылумен жабдықтау желісі мен көздерін жаңғырту және салу жүргізіледі.
Өңірдегі электрмен жабдықтау желісінің жағдайы мүшкіл. Өткір тұрған мәселені шешу үшін алдағы 5 жылда қыруар қаржы игеріледі. Соның нәтижесінде 7 мың шақырымға жуық желі жаңғыртылады. Ауыз су бағытында да біраз шаруа тындырылады.
ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– СҚО-да 63 км сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту және салу жүргізіледі. Оған 10 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады.
Осы орайда айта кету қажет, ертең облыс орталығында тіршілік көзіне беру уақытша тоқтатылады. Иә, кезекті мәрте петропавлдықтар сусыз отырады. Мұндай шара көптен күткен сорғыларды орнатуға байланысты қабылданыпты.
ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:
– Түнгі 22:00-де тоқтатамыз. Араға 1 тәулік салып қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жолы 2 сорғы іске қосылады. Су жинап алыңыздар!
“Қызылжар су” серіктестігінің бас директоры Жеңіс Сұлтанов халықты түсіністік танытуға шақарады. Ауқымды жоба мәресіне жетсе, петропавлдықтарды тіршілік көзімен қамту жұмысында қиындықтар туындамайды.
Байболат Құлтанов