Экология

СҚО-да өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары жүріп жатыр

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Өңірдегі өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін арнайы топ Қызылжар ауданына қарасты Соколовка ауылының тұсында жүр. Мұндай алдын алу шарасы аса қажет. Егер жарылғыш заттар дер кезінде қолданылған болса, су айдындарында мұз кептелісі болмайды.

Бұның барлығы судың уақытылы ағып кетуіне септігін тигізеді. Яғни, осы әдіс арқылы тасқынның алдын алуға болады. Бүгін мамандар Есіл өзенінде 250 шаршы метр мұз ойды. Маңызды жұмыс жыл сайын көктем уақытында жүргізіледі. Ал әр өзен-көлдегі мұздың қалыңдығы әртүрлі. Есіл өзеніндегі орташа көрсеткіш 50 см-ге жуықтайды дейді Көкшетау қаласынан арнайы шақыртылған мамандар.

АСХАТ ӘЛМҰҚАН, “KMD HOLDING” ЖШС бастығының орынбасары:

– Біз мінекей Есіл өзенінің шеткі жағының мұзын жарып жатырмыз. Мұздың қазіргі қалыңдығы – 50 см. Оны алдын ала есептеп алған болатынмыз. Жұмыс әлі 2-3 аптаға жалғасады.

Іске жауаптылар жергілікті атқарушы орган өкілдерімен және төтеншеліктермен бірге ерке Есілдің бойынан 10 шақты мұз ойып алды. Кейін арнайы жарылғыш зат қойып, жару жұмыстарын бастады.

Қызылжар ауданында мұз жару жұмыстары алғаш рет өткізіліп жатыр. Өткен жылы болған апаттан кейін мамандар биыл қауіп төніп тұрған ауыл тұсын нысанаға алған. Былтыр ауданда 17 елді мекенді су басса, биыл 22-сіне қауіп төніп тұр.

ӘЗІМХАН МЕРҒАСИМОВ, Қызылжар ауданы ТЖ бөлімінің бастығы:

– Біз мұз жару жұмыстарын кеше Красноярка және Долматово ауылдарының маңында жүргіздік. Бүгін аталған шарамен “Абакшино” демалыс орнын және Большая Малышка, Ольшанка, Соколовка ауылдарын қамтыдық. Бұл жұмыс мұз ерімей тұрып өткізілуі керек. Осы орайда тұрғындарға мұз үстіне шықпау қажеттігін ескертеміз.

Аталған науқан жоспар бойынша наурыздың 20-сына дейін жалғасады. Бірақ, мамандар істі ұзаққа созбай, тезірек аяқтауға ниетті. Біз мамандардан мұз жару жұмысының балықтарға қалай әсер ететінін сұрастырдық. Олар бұл шараның суасты тіршілігіне еш зиян келтірмейтінін айтты.

 

Мәдина Қаби