Ұлы Отан соғысы жылдарында 6 мыңнан астам қазақстандық фашистік концлагерьдің тұтқыны болған. Оның 200-ге жуығы теріскейлік екен. Қазіргі таңда олардың 8-інің ғана көзі тірі. Талай қиыншылық көрген ардагерлерге Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай құрмет көрсетілді. Шараға мектеп оқушылары да шақыртылған. Себебі, ұл-қыздар аға буын өкілдерінің әңгімесін естіп, біршама тәлім-тәрбие алатыны сөзсіз.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бұл жандар әрқашан құрметке лайықты. СҚО-да үш Ұлы Отан соғысының ардагері қалды.
Концлагерь тұтқындарының мәртебесі Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен тең деп айтуға толық негіз бар. Олар да соғыс уақытында қаншама қиындықты бастан өткерген. Солардың бірі – Валентина Зайцева. Ол бесіктен белі шықпаған кезден бастап отбасымен фашистердің қамауында болған екен.
ВАЛЕНТИНА ЗАЙЦЕВА, бұрынғы концлагерь тұтқыны:
– Шынымды айтсам, қалай тұтқынға түскеніміз есімде жоқ. Бірақ, әке-шешемнің айтуынша, халіміз қыл үстінде болған. Тіпті, тәуліктеп тамақ ішпеген кезіміз де болған екен. Соғыста Кеңес Одағы жеңіске жеткен соң бірден тұтқыннан босатылдық. Бейбіт өмір үшін жанын пида еткен жандарға алғысым шексіз. Олар болмағанда біз бұл өмірде болмас едік.
Іс-шараны “Радзіма” беларусь этно-мәдени орталығы ұйымдастырған. Бүгінгі басқосуда құрметке бөленген жандарға “Юбилейный” медалі табысталды.
Нұрасыл Ахмет