Қоғам

СҚО-да басшы әйелдердің үлесі артып келеді

Әйел – сұлулықтың символы, әйел – батырлықтың үлгісі, әйел – отбасының ұйытқысы. Ғабеңдей алып тұлға шығармасынан тастамаған, Мұқағалидай алапат ақын талай жырға қосқан нәзікжандылар – қоғамның айнымас бөлігі. Оларсыз өмір жоқ, оларсыз дүние мәнсіз. Қазіргі таңда елімізде, өңірімізде гендерлік саясат сәтті жүзеге асуда.

СӘУЛЕ СҰРАҒАНОВА, СҚО бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі уәкілі:

– Өткен жылдың маусым айында Петропавлда әйелдер көшбасшылығы мектебі құрылды. Оның құрамына аудандардағы азаматшалар да кірді. Бұл жобаның басты мақсаты – отбасылық және саяси өмірдегі әйелдер белсенділігін арттыру. Бірнеше кездесу, танымдық шара ұйымдастырылды. Қатысушыларға маңызды мәлімет айтылды.

Әйелдер көшбасшылығы мектебі жұмысын жалғастырады. Биыл оның аясында 16 жоба жүзеге аспақ. Назар аударатын жайт, облысымызда басшы азаматшалардың үлесі артып келеді. Мысалы, қазір аймақтағы 2 ауданды Елена Степаненко және Жанар Құсайын сынды нәзікжандылар басқарады.

СӘУЛЕ СҰРАҒАНОВА, СҚО бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі уәкілі:

– Біздің арамызда өзінің белсенділігімен танылып жүрген депутат әйелдер де бар. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық кеңеске Елена Семидоцких сынды жерлесіміз мүшелік етеді. Қазір республикалық деңгейдегі шараларда төбе көрсетіп жүр. Біз іскер, еңбекке құштар әйелдерді қолдаймыз. Жалпы, облыстағы гендерлік саясатқа көңіл толады.

Облыс аумағында отбасындағы берекені арттыру мақсатында да шаралар өтеді. Шығармашылық және спорттық жиындарға қатысушы жанұялардың да саны артып жатқаны қуантады.

 

Байболат Құлтанов