Халықаралық әйелдер күніне орай қалалық мәдениет үйінде де мерекелік шара өтті. Мұнда аянбай тер төгіп, облыс орталығының дамуына зор үлес қосып жүрген азаматшаларға құрмет көрсетілді.
Құлақтың құрышын қандырар музыка, көз сүйсіндірер би және жүрекжарды тілектер. Бұның барлығы залда отырған аяулы аналарға, қырмызы қыздарға арналды. Алғаш болып көпшілікті Халықаралық әйелдер күнімен шаһар басшысының орынбасары Мәрлен Сандыбеков құттықтады.
МӘРЛЕН САНДЫБЕКОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Қымбатты әйелдер қауымы! Баршаңызды көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер отбасының ұйтқысы саналасыздар. Ал қоғамдағы орындарыңыз тіптен бөлек. Біз аналар мен қыз-келіншектерді құрмет тұтамыз, ерекше бағалаймыз. Мереке құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық және қажымас қайрат тілеймін!
Атаулы датада мереке иелерін марапаттау – игі дәстүр. Құттықтау сөзден кейін Мәрлен Сандыбеков бір топ азаматшаға қала әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Мереке қарсаңында И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының филиал меңгерушісі Ләззат Ерғожина да ортаға шықты. Бұл жанды көпшілік біледі. Еңбекқор азаматша кітапхана саласында 40 жылға жуық жұмыс істеп келеді.
ЛӘЗЗАТ ЕРҒОЖИНА, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының филиал меңгерушісі:
– Мамандығымды қатты жақсы көремін. Қатты жақсы көрмесем 38 жыл жұмыс істемес едім. 90-шы жылдары кітапханашылардың мәртебесі жоғары болған жоқ. Қиын болды. Сонда да осы мамандықты тастаған жоқпын. Қала тұрғындарын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!
Жергілікті өнерпаздар әйелдер қауымына залда ғана көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жоқ. Мәдениет үйінің кіреберісінде де музыкамен жымын қаққызды.
Байболат Құлтанов