Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандық азаматшаларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Салтанатты шараға шақырылған мереке иелерін жылы жүзді жігіттер қарсы алып, қолдарына қызғалдақ гүлін ұсынды.
Жұртшылық тегіс жиналғасын кештің негізгі бөлімі де басталды. Жылы көрініс, бойды билейтін музыка. Мерекелік шараға тыңғылықты дайындалған өнерпаздар көрерменді бірден өзіне қаратты. Көп ұзамай сахнаға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов шықты. Аймақ басшысы аяулы аналар мен әсем қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің халқымыз ананы ерекше құрметтеген. Ана – тіршіліктің алтын арқауы. Мерекелеріңіз құтты болсын! Амандық тілеймін!
Ендігі кезекте – марапаттау рәсімі. Елдің дамуына, қоғамдағы тыныштықтың сақталуына үлес қосып жүрген арулар көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ең алдымен аяулы аналар мен қырмызы қыз-келіншектерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың марапаты табысталды.
Аты аталғандардың арасында жұмысшы мамандық иелері де бар. Татьяна Пальгун Петропавл ауыр машина жасау зауытында 45 жылдан бері еңбек етіп келеді. Нәзікжанды ауыр жұмыстан ешқашан қашқан емес. Ерлермен иық тірестіре тер төгетін жерлесіміз бүгін “Құрмет” орденімен марапатталды
ТАТЬЯНА ПАЛЬГУН, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ краншысы:
– Мұндай награда алам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Еңбегім еленгеніне өте қуаныштымын. Жұмысым оңай деп айта алмаймын. Ұқыпты болу керексің. Қателікке жол берсең, өміріңе қауіп төнуі мүмкін. Мен тек ер адамдармен жұмыс істеймін. Әбден үйреніп алдым. Зейнетке дейін осы кәсіпорында еңбек еткім келеді. Мереке құтты болсын!
Президент жарлығы бойынша “3 дәрежелі Еңбек Даңқы” ордені Зәуреш Мұстафинаға табысталды. “Арқалық” шаруа қожалығы қымыз цехының қызметкері 15 жыл бие сауып, ұлттық сусынымызды сапырып келеді. Бүгінде табиғи таза тауарды аядай ғана ауылдан күллі
Қазақстанға таратып отыр.
ЗӘУРЕШ МҰСТАФИНА, “Арқалық” ШҚ қымыз цехының жұмысшысы, Мамлют ауданы:
– Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Мұндай салмақты награданы бірінші рет алып тұрмын.
Батыр аналар қашан да құрметке лайықты. Кеш барысында Дарима Оспановаға “Алтын алқа” табысталды. Ол 7 баланы өмірге әкелген. Бүгінде тұңғышы 20 жасқа таяпты.
ДАРИМА ОСПАНОВА, “Алтын алқа” иегері, Жамбыл ауданы:
– 7 баланың анасымын. Тұңғышым 18 жаста болса, кенжем 1-ге жаңа толды. Елеулі марапатқа ие болып жатырмын. Алғысым шексіз.
Жалпы, мерекелік кеш барысында 30-ға жуық азаматша құрметке бөленді. Бүгінгі күнді ән мен бисіз елестету мүмкін емес. Құттықтаудан кейін сахнаға теріскейлік таланттар шығып, өз өнерлерін көрсетті, аруларды құттықтады.
Нұрасыл Ахмет