Қоғам

Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына биыл – 100 жыл

Талай жанның өмірін қиған соғыста қан мен терін төккен батырларымыздың асқақ арманы орындалғанына биыл – 80 жыл. 17 жасында майданға аттанған қазақтың жаужүрек қызы Әлия Молдағұлова ондаған фашистің көзін жойып, ерлікпен қаза тапқан. Қазіргі таңда 20 жастағы жігіттердің өзі бейбіт шақта әскерден қашады. Ал бойжеткен шағында ел азаттығы үшін басын өлімге тіккен батыл батырымыз көпке үлгі болуы тиіс. Есімі мәңгі есте қалатын мерген жайында көбі білмейтін ақпаратпен бізбен облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова бөлісті.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Әлия Молдағұлованың мемориалды музейінде 11 мыңнан астам экспонат бар. Мәскеу қаласында батыр қызымыз жайлы ақпарат көп. Санкт-Петербург қаласында Әлия Молдағұлованың аты берілген мектептер бар.

Әлия Молдағұлова 1925 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Ол 6 жасынан жетім қалып, нағашы ағасы Әубәкірдің қолында өседі. Ал 1935 жылдан бастап Ленинград қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Тағдыр тәлкегін ерте көрген батыр қыз 43-ші жылы майданға аттанады.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Әлия 1942 жылы Мәскеу қаласындағы мергендер мектебіне оқуға түседі. Ол құралайды көзге атқан мерген болған. Білім ұясына оқытушылары батыр қызымызды соғысқа жібермей, алып қалғысы келген.

Сәуле Мәлікованың сөзінше, Әлияның есімі көп деректерде Лия деп жазылған. Бұған себеп, сыныптастары оны еркелетіп дәл осылай атаған екен.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Әлия Молдағұлова 1944 жылы қаңтарда ерлік қаза табады. Оған сол жылы Кеңес одағының батыры атағы беріледі.

Айта кету керек, қазақтың батыр қызының туғанына биыл – 100 жыл.

 

Нұрасыл Ахмет