Мәдениет

Петропавлдық қыз-келіншектер түрлі әсем бұйымдар жасап үйренді

Бүгін “Рахмет” сауда үйінде ерекше шара ұйымдастырылды. Өңіріміздің белсенді жандары орталыққа келген нәзікжандыларға ұлттық бас киімдер мен түрлі әшекейлерді жасап үйретті. Шара Халықаралық әйелдер күніне арналып ұйымдастырылды.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Көбі тақия мен төбетейді ажырата алмайды. Біз шара барысында келушілерге ұлттық бас киімдер жайлы мол ақпар береміз. Әйелдер көп шығындалмай-ақ түрлі бұйымдар жасауы тиіс.

Әсем дүниелерге әйел затының көзі бірден түсетіні белгілі. Сауда үйіне келген әр нәзікжанды іс-шараға келіп, өздеріне ұнайтын бұйымдарды жасап көрді. Ұйымдастырушылар оларға білмегендерін үйретті. Шара соңында бұрымдыларға өздері жасаған дүниелер сыйлық ретінде табысталды.

ОРАЗБИКЕ ШАЙМОВА, қала тұрғыны:

– Жас қыз-келіншектердің көбі қолөнер бұйымдарын жасауды білмейді. Бүгінгі шара арқылы біршама бұрымды түрлі бас киім мен әшекейлер жасап үйренеді деп ойлаймын.

Маңызды шара Халықаралық әйелдер күніне ғана емес, ұмыт қалған ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналып ұйымдастырылып отыр.

 

Нұрасыл Ахмет