Бүгін Петропавлдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Астана қаласынан келген ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, этнодизайнер Тілек Сұлтанның “Киелі кимешек” атты жеке көрмесі қанат жайды.
Ең алдымен бірнеше адам ортаға шығып, ұлттық нақышта тігілген киімдерді киіп, көрермендерге сән көрсетілімін ұсынды. Бірінің басында кішкентай ғана тақия болса, екіншісінде апа, әжелер киетін үлкен кимешек болды. Әрбіреуінің өзіндік ерекшелігі бар екенін Тілек Сұлтан шара барысында айта өтті. Дүйім жұрт та сәнқойлардың өнеріне тәнті болып, қошеметтерін аямады.
Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Тілек Сұлтан ерекше көрмеде көпшілік назарына әртүрлі дизайнде тігілген 21 кимешек ұсынды. Оның кейбірі сонау 19-20-шы ғасырларда киілген бас киімдер болса, жартысын өзі ойлап тауып, заманауи түрде тіккен.
ТІЛЕК СҰЛТАН, этнодизайнер, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері:
– Тоғызы – өзімнің қолымнан шыққандар, ал қалған 12 данасы – көне кимешектер. Барлығын түпнұсқа кимешектерден жаңғыртып жасадым. Бас киімдердің барлығы Қазақстанның әр өңірінен жиналған.
Көрме Петропавл қаласынан бұрын елордада өткізілген екен. Кейін қонақтар теріскей өңіріне келіп, жерлестерімізге арнап рухани-танымдық мәні зор шара ұйымдастыруды шешкен.
ТҰРАР ШӘКЕН, ұйымдастырушы, “Қара шаңырақ” РҚБ директоры:
– Біздің мақсатымыз – қазақтың құндылығын, рухын көтеру. Қазақстандықтарға өзінің салт-дәстүрін таныту болып табылады.
Осы орайда ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген азаматтың еңбегі сонау Түркия, АҚШ, Үндістан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерде өткен байқауларда көрермен көзайымына айналғанын айта кетейік. Ал жеке көрме шаһарда бір айға дейін жалғасады.
Мәдина Қаби