Қоғам

“Қызылжар” қалалық мешітінде көмекке мұқтаж 400 отбасыға әлеуметтік қолдау көрсетілді

Рамазан айы – жомарттық танытып, жақсылық жасалатын ай. Солтүстікқазақстандықтар биыл да қалыптасқан дәстүрден жаңылмады. Қасиетті айдың 6-шы күні “Қызылжар” қалалық мешітінде қайырымдылық акциясы өтті. Игі шара барысында көмекке мұқтаж 400 отбасыға азық-түлік таратылды. Барлығы – 4,5 млн теңгеге қажетті заттар алыныпты.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, СҚО бас имамы:

– Көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі бізде бар. Жомарт жандар мешітке келіп, сол тізім арқылы жанұяларға қолдау көрсете алады.

Мына сөмкенің ішінде күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түліктің бәрі бар. Бүгінгі акцияны “Зекет” қайырымдылық қоры мен өңіріміздің жомарт кәсіпкерлері ұйымдастырған. 70-ге таяп қалған қала тұрғыны Майра Жақыпова қайырымдылық акциясын өткізген азаматтарға ризашылығын білдіріп, батасын берді.

МАЙРА ЖАҚЫПОВА, қала тұрғыны:

– Бізге қолдау көрсеткен жомарт жандарға алғысым шексіз. Жасаған жақсылықтары өздеріне 2 есе қайтып келсін.

Мешітке келіп, азық-түлік сөмкесін ала алмаған жандар қолдаусыз қалмайды. Көмек олардың үйлеріне жеткізіледі. Айта кету керек, қайырымдылық акциясы барлық өңірде бір күнде бір уақытта өтті. Жалпы, маңызды шара аясында барлығы – көмекке мұқтаж 3 жарым мың жанұяға көмек көрсетілді.

 

Нұрасыл Ахмет