МТРА жаңалықтары

Қымыз өндіруші нәзікжандылар

Мамлют ауданындағы Андреевка ауылында “Арқалық” ШҚ-ның қымыз өндіретін шағын зауыты бар. Адам денсаулығына пайдасы зор өнім дайындайтын нысанда қазір 3 келіншек жұмыс істейді. Қожалықтағы 500 жылқының 200-ге жуығы сауылады. Сауылған сүт зауытқа жеткізіледі.

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Фермадан жеткізілген саумал мынадай күбілерге құйылады. Алдымызда өзіміздің көзіміз үйренген күбі емес, тоқтың күшімен жұмыс істейтін нұсқасы тұр. Жақсылап пісіледі. Сосын табиғи сусын тоңазытқышта тұрады. Осылай қымыз дайындалады.

Мына тұрған күбілердің әрқайсысының көлемі – 90 литрлік. Күніне бұл жерге 20-25 литр сүт жеткізіледі. Кейін ол 4-еуіне теңдей бөлініп, 10 сағат бойы пісіледі.

Марал Гафиулина кәсіпорында 7 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Міндеті – сүтті қабылдап алып, күбіге құю, кейін дайын болған өнімді тоңазытқышқа орналастыру. Жұмыс автоматтандырылған. Бастысы – жұмыс процесінің дұрыстығын мүлт жібермеу керек.

МАРАЛ ГАФИУЛИНА, “Арқалық” ШҚ қызметкері, Мамлют ауданы:

– Мен осы жердегі келіншектердің жұмысын қадағалап жүремін. Ұжымымыз өте ұйымшыл, таңертеңнен кешке дейін осылай бөтелкелерді дайындаймыз. Осы жерде қандай жұмыс болса, соның барлығын бірігіп атқарамыз.

Салқындатылған қымызды білікті мамандардың бірі Зәуреш Мұстафина құтыларға құяды. Екі баланың анасы зауытта 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Ауылдағы нағыз ыңғайлы жұмыс орнының бірі осы жер екен. Ұжымы да, жалақы да жақсы дейді.

ЗӘУРЕШ МҰСТАФИНА, “Арқалық” ШҚ қызметкері, Мамлют ауданы:

– Жұмысым өзіме ұнайды. Ешқандай қиындығы жоқ. Бір-бірімізге көмектесіп, білмеген жерімізді айтып отырамыз.

Нәзікжандылар жұмысты таңғы 9-дан бастап, кешкі 18:00-ге дейін істейді. Осылайынан табиғи сусынның дастарханға жетуіне бірден-бір септігін тигізеді. Шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаев жұмысына жауапты нәзікжандылардың кәсіпорында алатын орны орасан зор дейді.

НАҒАШЫБАЙ БАРЛЫБАЕВ, “Арқалық” ШҚ басшысы, Мамлют ауданы:

– Жылқы саууды кішкентай кезімде анамнан үйренген болатынмын. Кейін ойлана келе, осындай кәсіп ашайын деп шештім. Жылқы ұстап, оның сүтін, қымыз өндіру менің хоббиіме айналды.

Айта кетейік, солтүстікқазақстандықтарды қазақтың ұлттық сусынымен қамтамасыз етіп отырған шағын зауыт – өңірдегі жалғыз қымыз әзірлейтін нысан. Сол себепті, өніміне де сұраныс жоғары. Қазір мұнда тәулігіне 30-40 литр қымыз өндірілсе, жазда 300-400-ге дейін жетеді.

 

Мәдина Қаби