Гүлдей құлпырған нәзікжандыларға арналған кезекті шара. Облыс орталығында Халықаралық әйелдер күніне орай концерт ұйымдастырылды. Жиында бұрымдылардың жүрегін тебірентер классикалық және эстрадалық әндер айтылды. Ортаға шыққан сахна саңлақтары көрермендерге ерекше эмоция сыйлады.
Мерекелік шараны облысымызға танымал солистер Асхат және Дина Таушевалар ұйымдастырды. Қос жұлдыз нәзікжандыларға ұмытылмас көңіл-күй сыйлау үшін сонау Чехия мемлекетінен әріптестерін шақырған. Шарада тыңдарманға ерекше сезім мен жан дүниесіне тыныштық сыйлайтын туындылар орындалды.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандардың бірі – “Астана Опера” театрының дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. Ол бізге классикалық музыканың пайдасы жайында айтып берді.
АБЗАЛ МҰХИТДИН, “Астана Опера” театрының дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Ең алдымен мереке иелеріне зор денсаулық тілеймін. Жаңа қарап отырсам, әйелдердің барлығы концертті ұйып тыңдап отыр. Телефонға қарап отырған бір адамды көрмедім. Негізінен, дәрігерлердің өзі классикалық музыканы тыңдауға кеңес береді. Себебі, аспапта ойналған әрі сөзі жоқ музыкада табиғаттың дыбысына ұқсас элементтер көп кездеседі. Бұл мидың жақсы жұмыс істеуіне зор септігін тигізеді.
Концерт 2 сағатқа созылды. Мерекелік шара барысында көрермендерге арналып 23 туынды орындалды.
Нұрасыл Ахмет