Құқық қорғау органдары

Әкімшілік құқық бұзушылық үшін салынатын айыппұлдың көлемі өзгереді

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңашылдық 10 наурыз күні күшіне енеді. Яғни, елімізде келесі аптадан бастап жаңа ережелер аясында жаза қабылданады. Солардың бірқатарына Жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілдері арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында тоқталды.

АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:

– Арнайы қызметтерге көрінеу жалған қоңырау шалу үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Айыппұлды 30-дан 60 АЕК-ке және 60-тан 120 АЕК-ке дейін ұлғайту немесе 40 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту көзделген, сондай-ақ, егер бұл әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаса, «ескерту» алынып тасталады және ата-аналарға қатысты айыппұл 15-тен 30 АЕК-ке дейін көтеріледі.

Жолда темір тұлпармен желдей жүйткитін немесе айналасына мән бермейтін жандар бар. Олар қандай жағдай болмасын арнайы және жедел қызметтердің көлігін өткізуі тиіс. Мысалы, өрт сөндірушілердің, медициналық бригаданың немесе тәртіп сақшыларының. Егер бұл талапты орындамаса, айыппұл салынады. Жақында оның да көлемі артпақ.

АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:

– Айыппұлды 7-ден 20 АЕК-ке дейін және 15-тен 40 АЕК-ке дейін өсіру көзделген немесе қайталап жасағаны үшін 20 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жолымен жауапкершілік күшейтілді.

Темір жол бойындағы ауылдардың немесе үйлері пойыз жолына жақын орналасқан азаматтардың құлағына алтын сырға! Мал баққанда төрт түлікті көзден таса қылмау керек. Егер жануарлар тыйым салынған аумақта жүрсе, бірден айыппұл салынады.

АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:

– Темір жолдардағы қоғамдық қауіптіліктің артуына байланысты ат-арбаларын (шаналарды) өткізу, темір жолдар арқылы малды айдау және темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін «ескерту» алынып тасталды. 5 АЕК көлеміндегі айыппұл өз күшінде қалады.

Сонымен қатар, темір жол өткелдерін кесіп өту қағидаларын бұзғаны үшін жаза күшейтілді. Енді тұлға 40 емес, 80 мың теңгенің маңында айыппұл төлейді. Брифинг барысында жаңа жауапкершілік жайлы да айтылды. Егер жүргізуші немесе жолаушы көлік қозғалысы кезінде салон ішінен шығып тұрса, 3 932 теңге төлеуге міндеттеледі. Әдетте мұндайға той тойлаған және мектеп бітірген түлектер баратынын жақсы білеміз.

 

Байболат Құлтанов