ТЖ

СҚО мен Түмен облысының құтқарушылары тасқынның алдын алу мәселесін талқылады

Петропавлға Түмен облысы бойынша Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі бас басқармасының бастығы Артур Хачатрян бастаған делегация келді. Көрші елдің өкілдерімен “Қызылжар” креатив орталығында маңызды жиын өтті. Кездесуде тараптар тасқынның алдын алу мәселесін жан-жақты талқылады. “Келісіп пішкен тон келте болмас” дегендей, құтқарушылар әр тұсты қамтыды. Сапар мұнымен аяқталмайды. Ертең жергілікті және ресейлік мамандар «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиына қатыспақ.

ЖОМАРТ АСҚАРОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Бұл шара республикалық статусқа ие. Наурыздың 6-7-сі күндері өтеді. Негізгі штаб Қостанай облысында орналасады.

Былтыр үлкен көлемдегі су өңірімізді басып өтіп, Түмен облысына жетті. Сонда ресейліктердің де екі аяғы бір етікке тығылды. Көрші елдің мамандары апаттың қайталанғанын қаламайды. Сондықтан, қазір дайындық жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр екен.

АРТУР ХАЧАТРЯН, Түмен облысы бойынша Ресей ТЖМ бас басқармасының бастығы, РФ:

– Түмен облысында 800 елді мекенді су басуы мүмкін. Былтыр 89 ауылға тасқын зардабын тигізді. Күн-түн демей жұмыс жүргіздік. Биыл апатқа жол бермеу керек. Сол үшін Солтүстік Қазақстан облысына келіп, жағдаймен танысуды жөн көрдік. Ақылдасамыз, мән-жайды зерттейміз. Бұл кездесу жемісін береді деген сенімдемін.

Өкінішке қарай, биыл да аққайыңдар өлкесінде жағдай мәз емес. Ағымдағы жылы 100-ден астам елді мекенге қауіп төніп тұр. Тасқынның ауылы жақындаған сайын аймақта алдын алу жұмыстары күшейе түсуде.

ЖОМАРТ АСҚАРОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Өңірде 116 елді мекенді су басуы мүмкін. Қазіргі таңда тиісті жұмыстардың барлығы белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Былтыр қазақстандықтар бірліктің үлгісін көрсетті. Аққайыңдар өлкесіне гуманитарлық көмектен бөлек, жан-жақтан әскерилер мен техника келді. Биыл да мамандар теріскейді бетке алмақ. Жақында алғашқы топ жетіп үлгеріпті.

ЖОМАРТ АСҚАРОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Қарағанды облысынан 50 адам және 5 техника келді. Олар қазір Бескөл ауылында тасқынның алдын алу жұмыстарын атқаруда.

Айта кетейік, бүгін ауа райына қатысты нақты мәлімет шықты. Өкінішке қарай, көңіл көншітпейді. Аймаққа көктем ерте келеді, сонымен қатар наурыз бен сәуірдегі температура қалыпты нормадан жоғары болмақ.