Басқосуға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген диқандар мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары шақыртылды. Жиында келген меймандарға қыруар қаржы құртпай-ақ сүт өндіретін заманауи кәсіпорынды қалай салуға болатындығы жайында айтылды. Маңызды шараны украиналық “Dairy Global Experts” компаниясының өкілдері ұйымдастырды.
ОЛЕКСАНДР НАЗАРКО, компания өкілі, Украина:
– Заманауи сүт фермасын салғысы келетін солтүстікқазақстандық аграрилерге құрылыс жұмысын қандай жоба арқылы жүргізуге болатындығы жайлы айтамыз. Бәріміз білеміз, қазіргі таңда диқандардың барлығы дерлік кәсібін субсидияның көмегімен дөңгелетіп отыр. Біз бүгін қаржылай көмексіз-ақ шаруашылықты қалай дамытуға болатынын көрсетеміз. Теріскейлік еңбекқорлар сүт өндірісінде де, егін шаруашылығында да мол өнім алады. Бүгінгі жиын аталған аймақта саланың дамуына зор септігін тигізеді деп ойлаймын.
Жиын барысында аграрилерге жасанды интеллектінің көмегімен басқарылатын заманауи сүт фермасын салуға болатындығы жайында айтылды. Мәселен, роботтардың арқасында 500-ден астам сиырға небәрі 5 адам қызмет көрсетеді. Бұл серіктестіктерге миллиондаған қаржыны үнемдеуге септігін тигізеді.
Басқосуда келушілер назарына ауыл шаруашылығындағы түрлі заманауи техникалар ұсынылды. Солардың бірі – агродрондар. Аппарат жерді өңдеуге және зерттеуге мүмкіндік береді. Олар кез келген ауа райында жұмыс істей алады. Заманауи құрылғы арқылы тіпті егістікті суаруға және минералды тыңайтқыш себуге болады. Агродрон құрастыратын ақмолалық серіктестік менеджері Данияр Шаймерденовтің айтуынша, аталған игілік саланың дамуына зор септігін тигізеді.
ДАНИЯР ШАЙМЕРДЕНОВ, серіктестік менеджері, Ақмола облысы:
– Агродрондар 1 сағаттың ішінде 30 гектар аумақты қамти алады. 2 генератордан тұрады. Құрылғы пульт арқылы басқарылады. Бағасы – 12 млн теңге. Алда егіс науқаны келе жатыр. Заманауи құрылғы ауыл шаруашылығына аса қажет.
СҚО – сүт өндірісі бойынша елімізде екінші орында. Аймақта 110 тауарлы-сүт фермасы бар. Оның 50-ге жуығы – заманауи кәсіпорындар.