Ауа райы жайлы толық ақпарат «Қазгидромет» мекемесінің облыстық филиалы жанында айтылды. Синоптиктердің болжамына сүйенсек, наурызда орташа айлық температура минус 4,1-6,1 градусты құрамақ. Бұл нормадан 2 градусқа жоғары. Көктемнің басында өңірімізде қыстың ызғары сақталады. Әсіресе, түнгі уақытта аяз көтерілмек. Ал айдың ортасына таман сынап бағанасы жоғарылайды.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:
– Екінші онкүндікте түнде температура 13-18 аяздан 0-5 аязға дейін өзгереді. Ал күндіз 8-13 аяздан 2-7 градус жылының аралығында құбылады.
Наурыздың соңына таман теріскейліктер қысқы киімді тастайды. Үшінші онкүндікте сынап бағанасы 8 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар. Жауын-шашынға келсек, жиі қар жауады.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:
– Жауын-шашынның айлық мөлшері нормадан жоғары болады. Норма – 13-25 мм. Бірінші онкүндікте, екінші онкүндіктің басында және соңында, үшінші онкүндіктің басында қар жауады деп болжанады.
Көлік тізгініндегі адамдар абай болғандары абзал. Наурыз айында көктайғақ жиі болмақ, бұрқасын да әлекке салуы ықтимал.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:
– Тұман түседі. Көктайғақ пен бұрқасын болады. Бұрқасын бірінші онкүндіктің басында және соңында тіркелмек.
Сөз соңында тарихқа шолу жасайық! Өңірімізде 54-ші жылдың 3-ші наурызы күні көктемнің алғашқы айындағы ең төмен температура тіркеліпті. Сынап бағанасы 36 градусқа дейін төмендеген. Ал 2008-ші жылдың 30-шы наурызында температура +14 градус болған. Бұл облыс тарихындағы ең жылы күн саналады.
Мәдина Қаби