Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің қыз-келіншектері құттықтау қабылдады. Оларды Халықаралық әйелдер күнімен әріптес ер азаматтар, сарбаздар және жергілікті өнерпаздар құттықтады.
Салтанатты шара марапаттау рәсімінен басталды. Бүгінгі таңда бөлімде 40 азаматша жұмыс істейді. Мейрам қарсаңында мамандардың барлығы түрлі дәрежедегі марапат пен ақшалай сыйақы алды. Сахнаға шыққан мереке иелері күнделікті әскери формада болмады. Атаулы датаға байланысты оларға демалыс беріліпті.
ДОСАН КҮРКЕНОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің командирі:
– Бізде есепшілер, медициналық қызметкерлер, психологтар бар. Әйелдер атқаратын мамандықтар көп. Олар өз қызметтерін 5 деген бағаға атқарады. Бүгін олардың барлығы жұмыстан босатылды.
Құрмет көрсетілген нәзікжандылардың арасында жас мамандар да, саланың жілігін шағып, майын ішкен жандар да болды. Майор Айжан Жақыпованың алдынан жүздеген сарбаз өтті. Темірдей тәртіпке әбден бейімделген азаматша жауынгерлерге тәлім-тәрбие беріп келеді.
АЙЖАН ЖАҚЫПОВА, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі тәрбие бөлімшесі бастығының аға көмекшісі:
– Мен 20 жыл қызмет атқарып келемін. Бірнеше гарнизонда еңбек еттім. Себебі, жолдасым да әскери азамат. Екеуіміз иық тірестіре жұмыс істеудеміз.
Салтанатты шара концертпен жалғасын тапты. Сахнада ардақты аналардың, қылықты қыз-келіншектердің құрметіне ән айтылып, би биленді.
Байболат Құлтанов