МТРА жаңалықтары

Ұн өндірісінде еңбек ететін нәзікжанды

Жібек Рамазанованың «Хикмет ЛТД» серіктестігінде еңбек етіп жүргеніне 8 жылдан асқан. Нәзікжанды кәсіпорынның екі бірдей цехында ұн қаптамаларын буып-түюмен айналысады. Оның жұмысы аса жауапты. Өйткені, еңбекқор азаматшадан кейін өнім саудаға жөнелтіледі. Бұл ретте қаптаманың сапасы сын көтергені абзал.

ЖІБЕК РАМАЗАНОВА, «Hikmet LTD» ЖШС қызметкері:

– Кәсіпорында тәулігіне ондаған тонна ұн өндіріледі. Жұмысымды оңай деп айта алмаймын. Көп күш жұмсаймыз. Бірақ, бүтін елге пайдам тиіп жатқаны есіме түссе, шаршағаным бірден басылады. Ұжыммен қарым-қатынасым жақсы. Ұйымшылмыз.

Облыс тұрғындарының дастарханынан ас атасы үзілмес үшін Жібек Рамазанова кей кезде басқалар шырт ұйқыда жатқанда, яғни түнгі ауысымда да еңбек етеді. Нәзікжанды осы күнге дейін бірнеше жұмыс орнын ауыстырған. Көңілден шығар табыс қалтасына түспепті. Қазіргі кәсіпорында лайықты ақша алады. Серіктестікте тер төгуге де бар жағдай жасалған

ЖІБЕК РАМАЗАНОВА, «Hikmet LTD» ЖШС қызметкері:

– Бұрын мектепте істеген едім. Жаз кезінде мекеме уақытша жабылады, жұмыс болмайды. Ал менің отбасым үлкен, бала-шағаны асырау қажет. Қыркүйекті күтпей, басқа нұсқаларды іздей бастадым. Хабарландырудан осы жерге жұмысшы қажет екенін көріп, әңгімелесуге келдім. Сөйтіп, осында қалдым.

Кәсіпорында барлығы – 50-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың 10-нан астамы – нәзікжанды.

МАТЛАБ МАММАДЛИ, «Hikmet LTD» ЖШС менеджері:

– Жібек бізде диірменнің ашылған күнінен жұмыс істеп келеді. Ісіне өте тыңғылықты қарайды, жауапты жан. Сонысымен ортамызда сыйлы. Біз бір күнде 110 тонна ұн өндіреміз. Кәсіпорынның ашылғанына 8 жылдан асты. Қатарымыздағы 15 адам – нәзікжанды. Олардың барлығы мақтауға лайық.

Еңбекқор нәзікжандының қыздары аяулы ананың жолын қуған. Олар да аталған кәсіпорында жұмыс істейді. Бір қызығы, екі бұрымды да Жібек Рамазанова сияқты ұнды буып-түюмен айналысады.

 

Мәдина Қаби