Құқық қорғау органдары

СҚО-да бюджет қаражаты ұрланған

Солтүстік Қазақстан облысында бюджет қаражаты ұрланған. Өңір прокурорлары әлеуметтік шарттың қабылданған міндеттемелерін орындамау және тұрғын үй құнын асыра бағалау мақсатында қолданыстағы заңнаманың өрескел бұзылуын анықтады. Заңның ала жібінен аттау жайты Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Жамбыл аудандарында тіркелді. Аталған аудандарда Қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар тұрғын үй сатып алу шығындарын өтеу үшін мемлекеттік өтемақыны барынша үлкен қөлемде алу мақсатында олардың нақты құнын жасанды түрде асыра көрсеткен. Осының салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 11,3 млн теңге шығын келген. Осы фактілерге байланысты Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бағдарламаның 3 қатысушысының бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектелді.

ВЕРОНИКА ГАНОЛЬ, СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

– Сонымен бірге, әлеуметтік шарт бойынша өз міндеттемелерін бұза отырып, мемлекеттен қаржылай көмек алған қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар тұрақты тұру үшін қоныс аударған орнынан республиканың басқа аймақтарына көшкен. Осыған қарамастан, жергілікті атқарушы органдардың шенеуніктері 103,6 млн теңге көлеміндегі төлемдерді өндіріп алу шараларын қолданбаған. Прокурорлық қадағалау актілеріне сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың 25 қызметкері (оның ішінде Мансап орталықтары филиалының 11 басшысы) тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 19,1 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты өтелді.

 

Байболат Құлтанов