Облыс орталығында 2012-2013 жылғы туған балалар арасында баскетболдан облыстық чемпионат өтуде. Оған облыстың 2 ауданынан және қала оқушыларынан құралған 6 команда қатысып жатыр.
Қазір алаңда петропавлдық “Жеңіс1” және “Bars1” командасы ойнауда. Балғындардың аяқ алысы жаман емес, желдей жүйрік. Мергендіктері де жоғары деңгейде. Допты айналдыра отыра сақинаға дәл түсіруде. Осы тұста “Bars” командасының ойыншылары осалдық танытты. Қанша жерден тырысса да жеңістіктердің қарқынына төтеп бере алмауда.
“Жеңіс” командасының баскетболшылары әлі де алда. Олар өздерінің ұйымшылдығы мен шапшаңдығының арқасында бірінші периодты 25:3 есебімен аяқтап, жеңіп шықты. Алда әлі 3 период бар.
АНДРЕЙ СУРНИН, бас төреші:
– Негізі, жастардың баскетболға деген ынталары жақсы. Бірақ, әлі де алға жылжығанын қалар едік. Себебі, көріп тұрғандарыңыздай команда саны аздау. Ауданнан келген ойыншылар саны да аз. Көбіне баскетболмен қаланың балалары айналысады. Өздеріңіз білетіндей, қалада барлық жағдай жасалған. Үлкендер жайлы айтатын болсақ, олар республикалық жарыстардан әрқашан жүлделі орынға ие болады. Артынан ерген өскелең ұрпақ олардың жолдарын қуса дейміз.
Бәсі биік дода үш күнге созылады. Яғни, жеңімпаз құрама бейсенбі күні анықталады. Тиісінше, жеңіс тұғырынан көрінгендер кубок және медальмен марапатталады.
Мәдина Қаби