Спорт

Петропавлда жасөспірім қыздар арасында шахматтан облыс чемпионаты өтті

Петропавлдағы НЗМ-де жасөспірім қыздар арасында “Queen’ s Play” атты шахматтан турнир өтті. Ақыл-ой жарысына қала мен облыс аудандарынан келген 60-қа жуық бұрымды қатысты. Сайысқа бесіктен белі шықпаған балғындар да қатысты. Солардың бірі – Данелия Елеуова. Ол небәрі – 5 жаста. Бұл жас шахматшының небәрі екінші жарысы екен.

ДИАНА ЕЛЕУОВА, Д.Елеуованың анасы:

– Қызымның шахматпен айналысып жүргеніне 1 жыл болды. Ол осыдан 1 ай бұрын балабақша балалары арасында өткен жарыста 2-ші орын алды. Енді міне, облыстық додада бақ сынап жатыр. Өзінен 5-6 жас үлкен қыздармен ойнаса да бір рет жеңді. Үйде оған шахматтың қыр-сырын әкесі мен атасы үйретеді. Болашақта қызымның аталған спорт түрімен айналысуына бар жағдайды жасайтын боламыз.

Ақыл-ой жарысына Мағжан Жұмабаев ауданынан 10 оқушы келген. Қыздар өз аймағының намысын абыроймен қорғауда. Сырлы Көбелекжан турнирде 5 ойын өткізіп, оның 4-еуінде жеңіске жетті. Нәтижесінде жарыс қорытындысы бойынша 3-ші орынға ие болды.

СЫРЛЫ КӨБЕЛЕКЖАН, жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Жарыста мықтылар көп болды. Олармен ойнау қиынға соқты. 4-сыныптан бастап шахмат ойнап келемін. Маған аталған спорт түрі ұнайды. Әсіресе, есептеуге жақсы көмектеседі.

Жарыс 3 жас ерекшелігі бойынша өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом дәне тәтті сыйлықтармен марапатталды. Айта кету керек, аталған іс-шара алда келе жатқан “Әйелдер күні” мерекесіне арналып ұйымдастырылды.

 

Нұрасыл Ахмет