Өңір прокурорлары бұрын-соңды Қазақстан аумағында қолданылмаған әдіс арқылы әрекет етіп, кінәлі тарапты жазалады. Көпшілік білетіндей, көп жағдайда интернет-алаяқтық тіркелмеген абоненттік нөмірлер арқылы жасалады. Осыған байланысты теріскейлік қадағалаушы орган өкілдері тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде «Байланыс туралы» заңға қайшы әрекеттер анықталыпты. Нақтырақ айтсақ, қулар тіркелмеген нөмір арқылы жәбірленушінің ақшасын ұрлаған. Бұл қылмыстық істе ұялы байланыс операторының әрекетсіздігі расталды. Тиісті хаттама толтырылып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Берешек қысқа мерзімде өтелгендіктен 200 мың теңгеге жуық ақша қазынаға түскен.
АСХАТ ЖҰМАБЕКОВ, СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:
– Облыс прокуратурасы ұялы байланыс операторының әрекетіне қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Аталған материалды қарау нәтижесінде ұялы байланыс операторы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осыған ұқсас әдіс арқылы зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау бұрын мемлекетімізде қолданылмаған.
Байболат Құлтанов