ЭкологияҚоғам

Былтыр “Имантау-Шалқар” курорттық аймағында 50 мыңнан астам демалушы болған

Аққу ұшып, қаз қонған, талай ақын жыр қылған құтты мекен. Тұмса табиғатымен танымал аққайыңдар өлкесінің туризм саласы біртіндеп қарқын алып келеді. Бұл пікірге статистикалық сандар арқылы дәлел келтіре аламыз. Өткен жылдың 9 айы ішінде аймақта демалушыларды қабылдау орындарының саны 3,3 пайызға ұлғайған. Ал көрсетілген қызметі көлемі 12,5 пайызға өсіпті.

ҚАНАТ ШАМСУТДИНОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Өткен жылдың 9 айында біздің облыста 115 мыңға жуық резидент болды. Бұл – қазақстандық демалушылар. Ал өңірімізге сырттан келген адамдардың саны 6 мыңға жуықтайды. Біздің міндетіміз – көрсеткішті арттыру. Сол үшін қазіргі таңда қызу жұмыс жүргізіліп жатыр.

Алдағы уақытта Петропавлдың маңында 2 заманауи демалыс орны пайда болады. Қазір біреуі тұрғызылып жатса, екіншісі қайта қалыпқа келтіріліп жатыр. Ол – бұрынғы “Волна” демалыс лагері.

ҚАНАТ ШАМСУТДИНОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Сонымен қатар, қазіргі таңда Петропавлда жаңа қонақ үй тұрғызылуда. Ол ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында ашылмақ. Өңірдің туризм саласы дегенде ойымызға бірден “Имантау-Шалқар” курорттық аймағы келеді. Былтыр бұл аумақта 50 мыңнан астам демалушы болды.

“Имантау-Шалқар” курорттық аймағы бұдан да көп келушіні өзіне тарта алады. Бұл төңіректе әлі де шешілмей тұрған мәселелер бар. Олар: жол салу, электрмен қамту, байланысты жақсарту. Қуанышымызға орай, биыл айтарлықтай өзгеріс орын алады.

ҚАНАТ ШАМСУТДИНОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Былтыр облыстық әкімдік пен “Көкшетау” ұлттық паркі арасында келісім жасалды. Қол қойылған құжат аясында өткен жылы 4 автомобиль жолы жөнделді. Оның жалпы ұзындығы 8 жарым шақырымды құрайды. Ал биыл 5 жол салынады. Сонымен қатар, қазір курортық аумақты электрмен қамту жөніндегі жоба әзірленуде. Ол жазда дайын болады. Артынша біз тиісті жұмысты бастаймыз.

Табиғатты сүйетін, таза ауамен тыныстағанды құп көретін жандардың құлағына алтын сырға! Бейінді басқарма өңіріміздің көрікті жерлерін таныстыратын ақпараттық тур өткізбекші. Сонымен қатар, «Қымыз-fest», «Мөңке күні» сынды дәстүрлі фестивалдер ұйымдастырылады.

 

Байболат Құлтанов