Мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа мүмкіндік. Былтыр елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің тың мүмкіндігі іске қосылды. Енді екі қолға бір күрек іздеген жандар ұйымдарға барып, тест тапсырмайды. «Е-қызмет» порталы арқылы бос жұмыс орындарын қарап, үйден бағын сынайды. Кейін ұсынылған сертификатымен жұмысқа орналасады. Дәл осы тәсілді аққайыңдық Сұлушаш Макентаева таңдады. Ол қазір аудандық әкімдікте бас маман болып еңбек етіп жүр.
СҰЛУШАШ МАКЕНТАЕВА, Аққайың ауданы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
– Енгізілген ереже жұмыскерлер үшін өте тиімді. Өйткені, үміткерге үйден шығудың қажеті жоқ. Барлығы онлайн форматта өткізіледі. Мемлекеттік қызметке ауданымыздың дамуына өз үлесімді қосу үшін келдім. Менің міндетім – ауданда өтетін мәдени шараларды ұйымдастыру және кадр жұмысымен айналысу.
Жұмысқа тұрудың қағидасы жайлы толығырақ айтайық. Үміткер 3 кезеңнен өтеді. Біріншісі – жеке қасиеттерін бағалау, екіншісі – цифрлық мәтінмен жұмыс істеу, ал үшіншісі – әңгімелесу. Бұның барлығы қашықтан жүргізіледі. Бағы мен бабы қатар келген жандар жұмысқа шақырту алады. Мысалы, осы жылы Аққайың ауданында 8 адам онлайн түрде екі қолға бір күрек тапқан.
МАХАББАТ ДҮЙСЕМБАЕВА, Аққайың ауданы әкімінің аппарат басшысы:
– Біздің аудан бойынша «Е-қызмет» порталында өткен жылдан бері онлайн 36 конкурс жарияланды. Нәтижесінде 8 адамның бағы жанды. Үміткерлерге сынақтан өту үшін үйінде міндетті түрде ноутбук немесе компьютер, оған қосылған видеокамерасы мен микрофоны болуы керек. Сол арқылы бақылаушылар бақ сынаушының қозғалысын қарап отырады. Егер тұлға артық қимыл жасап, жауаптарды көшіруге оқталатын болса, бірден жүйе жұмысын тоқтатады. Үміткерлер тестілеудің де, әңгімелесудің де уақытын өздері таңдап алады.
Қазіргі таңда Аққайың ауданында 100-ден астам мемлекеттік қызметкер бар, ал бос жұмыс орындарының саны 15-ті құрайды.
Мәдина Қаби