Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті. Қалалық мәдениет үйінде өткен жиында мінберге алдымен шаһар басшысы шықты. Серік Мұхамедиев өткен жылды қортындылап, жоспармен бөлісті. Баяндаманың басында тасқынның зардабы жайлы айтылды. Халық биыл да тізеден су кешуі мүмкін. Мұндайға келешекте жол бермеу қажет. Ол үшін апат аумағындағы жандарды қауіпсіз аймаққа қоныстандыру қажет.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Қазіргі таңда Заречный кентінде 251 тұрғын үй, мектеп мен режимдік нысан орналасқан. Халықты 2 көпқабатты үйге көшіруді жоспарлап отырмыз. Олардың бірі “Жас өркен” ықшам ауданында орналасса, екіншісі Уәлиханов көшесі бойында болады. Түзету мекемесіне келсек, жер телімі бөлінді. Қазір Петропавлда жаңадан жаза өтеу орны салынуда.
Баяндама аяқталғасын кезек сұрақ-жауапқа келді. Залдағы және балкондағы көпшілік толғандырған мәселелерін кезек-кезек көтерді. Жерлестерімізді түрлі түйткіл алаңдатады. Бірі үйіне көктем сайын су кіретінін жеткізді.
ЕВГЕНИЯ ШМАРГУН, қала тұрғыны:
– Былтыр Кошуков көшесі бойындағы 4-ші үйден 20 көлік су сорылды. Оның барлығы – еріген қар суы мен кәріз суы. Жақын маңдағы асфальтты көтеру қажет. Сонда көктемде бас қатырмаймыз. Мен бұл мәселені жылда көтеремін.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Оқиға орнына барып, мәселемен танысу қажет. Суағарды тазалау керек шығар. Қажеттілік туындаса жолды, асфальтты көтерген жөн. Осы жерде жауаптыларға тікелей тапсырма жүктеймін. Мән-жайды маған баяндаңыздар!
Кездесуге “Береке” ықшам ауданынан да тұрғындар келген. Мұнда жаңадан тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар салынуда. Халықтың да саны артып келеді. Негізгі мәселенің бірі – қоғамдық көлікпен қатынау. Көптің көкейіндегі түйткілді Айман Ғалиева баяндады.
АЙМАН ҒАЛИЕВА, қала тұрғыны:
– Халық өте көп. Қоғамдық көлікке сыймай қалатын күндер болады. “Береке” ықшам ауданынан “Сенная база” арқылы тек №23-ші маршрут жүреді. Оның санын арттыру керек немесе тағы бір автобус бағытын қосу қажет. Осындай өтінішім бар.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Қазір автобустардың тиімділігін зерттеп жатырмыз. Егер қажеттілік бар екенін көрсек, міндетті түрде қоғамдық көліктің санын арттырамыз. Бұған уақыт қажет.
Облыс орталығында құрылыс қарқын алғанымен баспанасыз жүрген жандар жетерлік. Кездесуде бірнеше адам үйге қатысты сұрақ қойды. Барлығының арманы – алақандай ғана болса да пәтер иелену.
РАЙХАН ТӨЛЕБАЕВА, қала тұрғыны:
– Менің шешем 10 жылдан бері ауыратын сіңліммен бірге пәтер кезегінде тұр. Әкімдікке баруға мүмкіндік жоқ. Осында келіп отырмын. Шешемде жалдамалы-коммуналдық пәтер алуға мүмкіндік бар ма?
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Кезек келген кезде береміз. Қазір бере алмаймыз. Жалдамалы-коммуналдық пәтерлерді адамдар кезек арқылы алады.
Райхан Төлебаеваның анасына біраз күту керек. Жалғыз нұсқа – “Отбасы банк” арқылы баспаналы болу. Залдан аталған ұйымның өкілі табылып, азаматшаға кеңес берді. Дене шынықтыру және спорт басқармасында әлі басшы жоқ екені көпке белгілі. Жақында тағайындау болады. Бұл жайлы жиын барысында айтылды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Өте білікті басшы келеді. Біз тиісті органдармен жұмыстар жүргіздік. Алдағы 10 күннің ішінде дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы тағайындаймыз.
Сонымен қатар, кездесуде су тасқынына дайындық, жол жөндеу, абаттандыру, медциналық қондырғылардың санын арттыру, білікті кадрлар тарту, Жеңіс күні “Мәңгілік полк” шарасын өткізу сынды мәселелер талқыға салынды. Сауалдарға облыс, қала әкімі және жауапты басқармалар мен компаниялардың өкілдері жауап берді. Жиынды Ғауез Нұрмұхамбетов қорытындылады. Ол өз баянмасында көңілден шығар тың жобаларға да тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Петропавлда “Үркер-Сирус” атты республикалық оқыту орталығын саламыз. 900 орынға шақталатын нысанда мектеп-лицей болады, зияткерлік, шығармашылық және спорттық дамуды көздейтін орталық жұмыс істейді. Білім алушылар үшін интернат бой көтереді. Сонымен қатар, еңбек ететін ұстаздар үшін бөлек ғимарат тұрғызылады. Мұндай замануи кешен Семейде бар. Құрылыс жұмыстарын жақын арада бастаймыз.
Бұл Петропавлда қолға алынатын жалғыз заманауи жоба емес. Облыс орталында жаңадан жедел жәрдем орталығы да салынады. Ал Бескөлде емхана бой көтермек.