Жаңа құрам, жаңа көзқарас! Петропавлда қатары толыққан облыстық қоғамдық кеңестің ағымдағы жылдағы үшінші отырысы өтті. Күн тәртібіне бірнеше мәселе шығарылды. Өткен жылы өңірімізде «Қызылжар су қоймалары» атты мекеме құрылғаны мәлім. Жаздың ортасында Президент пәрменіне сай жасақталған ұйым суға қалқан ретінде тұрғызылған бөгеттерге қызмет көрсетеді. Дегенмен, әлі ұжым толық қалыптаспаған. Бұған себеп – жалақының аздығы.
ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, «Қызылжар су қоймалары» КММ директоры:
– Біз қазіргі таңда аса қажет инженерлерге 177 мың теңге ғана тағайындай аламыз. Бұдан түрлі төлемдер алынады. Сонда қолға тиетіні – 140 мың теңге. Қазір облысамызда 5 бөгет нығайтылып жатыр. Жұмыс аяқталғасын олар біздің бақылауымызға өтеді. Ал мекемеде маман жоқ. Әлі 10 шақты адам алу керек.
Қазір Ерболат Бекшенов жатпай-тұрмай маман іздеп жүр. Интернеттегі хабарландырудан көз алмайды екен. Жақында жағасын ұстаған.
ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, «Қызылжар су қоймалары» КММ директоры:
– Жұмыс іздеген инженер-гидротехникпен байланысқа шықтық. Ол өзінің жалақысы 500 мың теңгенің үстінде болғанын қалайды. Әрине, біз мұндай қаржы ұсына алмаймыз. Табысты арттыру керек. Сол себепті, сіздердің алдарыңызға келіп тұрмын. Өтінішті қабылдайды деген сенімдемін.
Мекеме басшысының өтініші – жалақы қорын 20 млн теңгеге арттыру. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мамандарға жүктелетін жұмыстың жауаптылығын айта келе, ұсынысты қабыл алды. Жиында қаралған екінші мәселе – аққайыңдар өлкесіндегі 3 ауылды автобус қатынасынан үзу.
МИРХАТ ӘБІЛМӘЖІНОВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
– Сіздердің талқылауларыңызға облыстық мәслихаттың 11-ші желтоқсан күні қабылдаған шешімін әкеліп отырмын. Әлеуметтік маңызы бар автобус қатынасының тізбесін айқындау керек. Біз Қатанай, Ұзынкөл және Новоукраинка сынды ауылдарды қоғамдық көліктен үзгіміз келеді. Аталған ауылдарда 3-4 үйден қалды. Қызмет ұсынушыларға қатынау тиімсіз болып табылады.
Кеңес мүшелеріне спикердің айтқандары ұнамады. Олар осындай шешімдер ауылдардың жабылуына әкеліп жатқанын жеткізді. Бұлай жалғаса берсе өңірде елдімекендердің саны еселеп қысқарады.
Талқылау барысында облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Геннадий Зенченко “Жылы жерде және жұмсақ креслода отырып, ауылдағы мәселені шешу дұрыс емес” деген пікір білдірді. Ол нақты шешім қабылдау үшін елдімекендерге барған, халықтың ойын білген дұрыс деп баса айтты. Мирхат Әбілмәжінов алдағы уақытта сұрақты қарша боратқан жандардың алдына қайтадан келеді. Кеңес өкілдері атқамінерді өткір тұстарды ескеріп, ақпарат жинап, тағы бір баяндама жасауға шақырды.
Байболат Құлтанов