Алғысым шексіз саған, Қазақстан! Бүгін Қызылжар ауданында осындай атаумен этнофестиваль өтті. Айтулы шара Алғыс айту күні мен ҚХА-ның 30 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр. Басқосу ең алдымен түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамдары мен түрлі бұйымдары ортаға қойылған көрмеден бастау алды. Іс-шараның атмосферасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сөредегі әр әшекей көздің жауын алады, үстелдегі әр тағамның дәмі тіл үйіреді.
АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– Қызылжар ауданында 34 этномәдени орталық бар. Әрқайсысы өңіріміздің дамуына белсенді атсалысуда. Бүгін сол бірлестіктердің арасында байқау өткізіп отырмыз. Орталықтар қазылар алқасына өздерінің ұлттық құндылықтары жайында айтуы тиіс. Жеңімпаздар аудан әкімі атынан Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Фестивальге әр этномәдени орталықтың жоғары деңгейде дайындалғаны көрініп тұр. Нәзікжандылардың киіміне қарасаң көз сүйсінеді. Шара барысында қазақтың байырғы салт-дәстүрлері жайында мол ақпар білдік. Ақ жаулықты әжеміз Бақыт Қаражанова бізге “Шолпы тағу” салты жайлы айтып берді.
БАҚЫТ ҚАРАЖАНОВА, “Мақсат” қазақ этномәдени орталығының мүшесі:
– Қазақ халқы қыздың шашына көп көңіл бөлген. Шолпыны 15 жасқа келген қыздың шашына тағады. Осы бұйым арқылы халқымыз бұрымдылардың мінезі жайында білетін болған.
Айтулы шараға аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасов қатысты. Ол әр этномәдени орталықтың сөреге қойған бұйымдарымен танысып, тағамдарынан ауыз тиді. Содан соң жиылған көрермендерге арналып концерт ұйымдастырылды. Шарада әр бірлестіктің ұлттық әндері шырқалып, тарихтан сыр шерткен қойылымдар қойылды.
Шараның соныңда түрлі этномәдени бірлестіктер 130-дан астам ұлт өкілінің басын біріктірген Қазақ еліне алғыстарын білдірді.
Нұрасыл Ахмет