Қоғам

“Е-қызмет” жүйесінің тиімділігі туралы

Өңірде өткен жылдың шілдесінен бері мемлекеттік қызметке іріктеу “Е-қызмет” интернет-порталы арқылы жүргізіледі. Жаңа формат үміткерлерге науқанға кез келген жерден және кез келген уақытта қатысуға мүмкіндік береді. Жүйенің тиімділігі зор дейді Жалғас Әлназиров. М.Жұмабаев ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы конкурстық іріктеудің жаңа тәртібі туралы әріптестерінен білген.

ЖАЛҒАС ӘЛНАЗИРОВ, М.Жұмабаев ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

– Сайтқа кірдім, осы бөлімде бос орын бар екенін көріп, бірден конкурстық іріктеуден өттім. Жаңа үлгі ескісіне қарағанда анағұрлым ыңғайлы екен. Өйткені, бүкіл қадам цифрландырылған. Бұл бүкіл жұмысты жеңілдетеді. Бұрын іріктеуден облыс орталығына барып өтсек, енді үйде отырып-ақ қашықтықтан тапсыруға болады.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Үміткерлер эссе жазады, әңгімелесуден өтеді. Сондай-ақ, адамның жеке қасиеттері мен қабілеттері турасында сұралады. Мемлекеттік қызметші халық үшін жұмыс істейтіндіктен адал әрі адамгершілігі мол болуы керек дейді аудандағы Ноғайбай би селолық округі әкімі аппаратының бас маманы Айгерім Ғабдолла.

АЙГЕРІМ ҒАБДОЛЛА – М.Жұмабаев ауданы Ноғайбай би селолық округі әкімі аппаратының бас маманы:

– Мемлекеттік қызметкер ең алдымен екі тілді де жетік меңгеруі тиіс. Қазақ тілін де, орыс тілін де тең дәрежеде білуі тиіс. Халықпен жұмыс істеуді білуі керек, яғни сөйлесу, сөйлеу мәнері, әдептілік және ең бастысы, заңды білуі керек.

М.Жұмабаев ауданында өткен жылдың шілдесінен бері іріктеудің жаңа жүйесі бойынша 38 байқау жарияланған. Бұл мүмкіндікті 20 адам пайдаланған, 12-сі лауазымға тағайындалыпты. 6 байқау бойынша әлі тиісті процедура жалғасып жатыр.

 

Данаш Хамза