Бұл күй арнайы “Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері үшін тартылды. “Аманат” партиясының өкілдері мен жергілікті оқу орындарының студенттері Алғыс айту күніне орай мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
ЗЕРЕ СМАИЛОВА, М.Қозыбаев университеті 2-ші курс студенті:
– Негізгі мақсатымыз – балалармен араласып, олардың көңіл-күйін көтеру. Тобымызбен ән айтып, өлең оқитын боламыз.
Бұл күн – жылы лебіздер мен жүрекжарды алғыстар айтылатын күн. Сол сәтті пайдаланып жанашыр жандар балаларға арнайы әкелген сыйлықтарын тарту етті. Сонымен қатар, кеште тек еріктілер ғана өнер көрсеткен жоқ. Ерекше сәттің бірі – орталық тәрбиеленушілерінің өнер көрсетуі.
СЫМБАТ ДУЙШАНБЕ, “Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі:
– Кеш қызықты өтеді деп ойлаймын. Өзім де ән айтып өнер көрсетемін. Осы сәтті пайдаланып, анама алғыс айтқым келеді.
Сымбат 8-ші сыныпта оқиды. Өнерлі жеткіншек “Бала дауысы” ұлттық ән байқауында және “Жұлдызай” облыстық фестивалінде өнер көрсеткен. Оның ана туралы шырқалған ән көпшіліктің көңілін елжіретті.
Бұл шара көптің жүрегінде сақталып қалары анық. Аманаттықтар осындай мейірімге толы шараларды жиі ұйымдастырып тұруға тырысады. Себебі, жақсылық жасау – рухани байлықтың белгісі.
Севара Зияхан