Облысымызда 14 пен 35 жасқа дейінгі 131 мыңнан астам адам бар. Бұл барлық өңір тұрғындарының 25 пайызын құрайды. Мемлекет басшысы жастар саясатының басым бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту мәселесі деген болатын. Аталған тапсырма аймақта белсенді орындалуда. Мәселен, өткен жылы облыстық ішкі саясат басқармасы қоғамдық даму және ақпараттық орталығының мамандары 1600 адамды жұмысқа орналасуына көмектесіпті.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпараттық орталығының бөлім басшысы:
– Облыстық ішкі саясат басқармасы жастар саласын дамыту мақсатында 101,7 млн теңгенің 9 жобасын жүзеге асырды. Аталған соманың 70 пайызы “Жасыл ел” жобасына бағытталды. Бәрімізге белгілі, 16 жастан асқан ұл-қыздардың көбі жаз уақытында жұмыссыз жүреді. Бұл игі бастама жұмыссыздық мәселесін шешуге зор септігін тигізіп жүр.
Өңірдің әр ауданында және Петропавл қаласында жастар ресурстық орталығы бар. Ұйымдар өңіріміздегі әр саланың дамуына белсенді атсалысуда. Биыл аталған мекемелер әртүрлі бағытта 120-дан астам шара өткізген. Олардың көбі көмекке мұқтаж жандарға арналған. Орталықтар ел басына күн туған кезде де қарап қалған емес. Оған дәлел, өткен жылғы су тасқыны кезінде жастар бөгет тұрғызуға қатысқан және зардап шеккен жандарға зор қолдау көрсеткен болатын. Мемлекет те өз тарапынан өскелен ұрпаққа көмегін аямауда.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпараттық орталығының бөлім басшысы:
– Биыл өңірімізде “Қызылжар жастары” атты жоба іске қосылады. Игі бастаманы облыс әкімдігі мен “Отбасы банкі” жүзеге асырады. Шарттарын айтатын болсам, конкурсқа жастар 10 пайыз ғана жарна төлеп қатыса алады. Оларға тиісінше, 19 жылға дейін несие беріледі. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Қоса кетейін, байқауда отбасылы азаматтарға басымдық беріледі.
Айта кету керек, өңірімізде NEET санатындағы жастарды қатыстыру арқылы 170-ке жуық іс-шара өткізілген. Аталған жиындар 6 мыңнан астам адамды қамтыды.
Нұрасыл Ахмет