Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Достық жолы” атты музыкалық-драмалық кеш өтті. Сахна шымылдығын қос жолаушы ашты. Олар айрандай ұйыған, талай талант өмірге келген өңірімізге келе жатыр.
Музыкалық-драмалық кештің көркін жергілікті өнерпаздар келтірді. Олар таңдай қаққызар туындыларымен шашу шашты.
САЯН ДҮЙСЕНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармониясы “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің әртісі:
-Ассамблеяның 30 жылдығына келіп қалдық. Қазақи нақыштағы нөмір әкелдік.
Әртүрлі ұлттың басы қосылған Қазақстан – достық мекені. Біздің Тәуелсіз елімізде ұлттар тату-тәтті өмір сүруде, бірлесе ән де шырқайды, би де билейді.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл әрі алда Алғыс айту күні келе жатыр. Бүгінгі думан қос мерекеге арналған.
ЛЮДМИЛА ГРИВЕННАЯ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі:
– Биыл біздің “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының құрылғанына 11 жыл толады. Кафедрамен тығыз қарым-қатынастағы студенттермен ақылдаса келе музыкалық-драмалық кеш өткізуді жөн көрдік. Оған кәсіби актерлерді шақырдық. Олар қазақ халқының қандай екенін, өзге ұлттарға жасаған жақсылығын сомдайды. Жастарға зор тәлім-тәрбие береді.
Кеш барысында қос жолаушыға шешен ұлтының өкілі қосылады. Ол сапар соңында қазақ баласына ата-бабасына жасаған жақсылық үшін сыйлық ұсынады.
Кеш көңілді бимен жалғасын тапты. Сахнаға шыққан түрлі ұлт өкілдері мың бұрала биледі.
Нұргүл Серік