Аққайың ауданының орталығында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналып 30 жер үй салынып жатыр. Баспаналардың құрылысы қаңтар айында бастау алған. Іске жергілікті және көкшетаулық мердігер кірісіпті. Көрші өңірден келгендер 10 үйді көтереді. Қазіргі таңда учаскелерінде 6 адам тер төгуде. Күн жылынған соң қатарға тағы құрылысшылар қосылады.
СЕРІК МАСҒҰТ, учаске бригадирі:
– Үйлердің барлығы бірдей. Жалпы көлемі 80 шаршы метрді құрайды. Сырты газоблоктар, едені мен төбесі тақтайдан салынады. Ішіне құрылыс жұмыстарын жүргізіп береміз.
Бір үйдің құны шамамен 15-18 млн теңгеге шығады екен. Баспаналарды мердігерлер өз ақшасына салып жатыр. Кейін жергілікті әкімдік сатып алып, кілттерін баспанаға мұқтаж отбасыларға табыс етеді. Қазіргі таңда аудан орталығында әлеуметтік жағдайы төмен 100-ге жуық отбасы үй кезегінде тұр.
НҰРСҰЛТАН БАЙЗАҚ, Аққайың ауданы әкімінің орынбасары:
– Баспаналар ауылдың кіреберісінде ыңғайлы жерге салынып жатыр. Үйлердің ішінде пеш болады. Сыртына қоршауы да салынып беріледі.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған үйлердің құрылыс жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Мәдина Қаби