Құқық қорғау органдары

Өңір прокурорлары өткен жылы 300 кәсіпкердің құқығын қорғады

Өңір прокурорлары М.Жұмабаев ауданының кәсіпкерлерімен кездесті. Кәсіптен нәсіп тауып жүрген жандардың базынасын облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар, аудан әкімі Рахат Смағұлов және облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев тыңдады. Іс-шара ашық диалог форматында өтті, әркім өз мәселесін айтып, толғандырған сұрақтарына жауап алды. Раушан Тілеуіп «Челябі-Новосібір» тас жолы бойындағы дәмханаға иелік етеді. Кәсіпкерді нысандағы интернет сапасының нашарлығы алаңдатады.

РАУШАН ТІЛЕУІП, кәсіпкер, М.Жұмабаев ауданы:

– Бізге интернет ауадай қажет. Себебі, қазір көбі телефонмен, картамен төлем жасайды. Ал интернеттің шалағайлығынан біз сатып алушыларға дұрыс қызмет көрсете алмаймыз. Қолма-қол төлем жасау керек болғандықтан кейбірінің қағаз ақшасы болмай шығады. Дәмханадағы пост-терминал интернеттің жоқтығынан жұмыс істемей тұр.

Өз сұрағына Раушан Тілеуіп бірден жауап алды. Жақын арада тиісті антенна орнатылып, интернет мәселесі шешілетіндігі анықталды.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Интернет мәселесін шешу бойынша бізге ақша бөлінді, енді оған жобалық-сметалық құжаттарды әзірлейміз. Жақын арада мамандар жұмысқа кіріседі. Бұл мәселе – біздің қатаң бақылауымызда.

Кәсіпкерлер көтерген барлық мәселе қағазға түртіп алынды. Шешілуі жіті бақылауда болады. Мұндай жиындар өңірде іскер азаматтардың құқығын қорғау мақсатында жиі өткізіліп тұрады.

АЙТУҒАН ҚАСКЕРБАЕВ, СҚО прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары:

– Прокуратура органдарында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильдік топ жұмыс істейді. Мамандар өткен жылы 300 кәсіпкердің құқығын қорғады. Мәселен, кәсіпкерлік субъектілерін заңсыз тексеру тіркеліп, жер заңнамасы саласына қатысты бұзушылықтар анықталған болатын. Біз бұл бұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлі лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарттық.

Прокурорлар кейін ешкі сүтінен ірімшік өндіретін «Тамаша 2050» серіктестігінде болып, жұмыс барысымен танысты. Өнім тек ауданда ғана емес, өңірде, елорда мен көрші Ресейде сұранысқа ие. Сондай-ақ, мұнда құрт, йогурттың түр-түрі дайындалады. Мұнда бүгінде 200-ден астам ешкі болса, соның 100-ден астамы сауылады. Серіктестік директоры Светлана Карабанованың айтуынша кәсіпорынның қуаттылығын күніне 700 литр өңдеп, 70 келі ірімшік жасайтын деңгейге жеткізу жоспарланған.