585 білім беру нысаны, 1435 көппәтерлі тұрғын үй және 363 денсаулық сақтау нысаны жылумен қамтамасыз етілген. 490 қазандықтың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар мен технологиялық ақаулар болған жоқ.
ҚУАНДЫҚ ШАКУБАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Жамбыл, М. Жұмабаев, Тимирязев, Уәлиханов, Шал ақын аудандарында жеті блокты-модульдық қазандықтарды орнатуға 683 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 20 көппәтерлі тұрғын үй және 2 әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етілді. Жамбыл ауданындағы Преснов елді мекенінде қосымша 2 көпқабатты тұрғын үй және 7 әлеуметтік нысан қосылды. Сондай-ақ, Айыртау, Аққайың, Есіл, Қызылжар, Мамлют, Мүсірепов, Тимирязев аудандарында қазандықтар сатып алынды, қазандық жабдықтары жөнделді.
Бүгінде Петропавл екінші жылу электр орталығыда 11 қазандық агрегат және 7 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директорының айтуынша, осы жылыту маусымында 38 технологиялық ақау болған, бұл өткен маусымнан аз. Жылыту маусымының өтуі тұрақты бақылауда.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жылыту маусымынан кейін барлық желілерді жуып-шаю жұмыстарын жүргізуді қолға алу қажет. Сондай-ақ, қосымша блокты модульдік жылыту қазандықтарды дайындауға талдау жасаймыз. Олардың жөндейтіндерін жөндеп ауыстыруды қажет ететіндерін ауыстыратын боламыз. Бүгінгі таңда Ақжар ауданының орталығында жылумен қамту, жөндеу жұмыстары, жаңа жылу желілен салу жөнінде мәселелері бар.
Көмірмен қамтуда мәселе туындаған жоқ. Көмір, жанар-жағармай қоры жеткілікті. Сондай-ақ, жиында тарифті қалыптастыру мәселесі де талқыланды.
ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Тұтынушыларға үлкен сома қойылды, оны тұтыну көлемінің артуымен байланыстырып отыр. Оның қаншалықты дұрыс екендігін анықтайтын боламыз. Тариф 1-ші қаңтардан бастап 27% өсті. Ал су мен электр энергиясы тарифі өзгеріссіз қалды.
“Таза Қазақстан” экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы өңірімізде сәтті іске асырылып жатыр.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
– Соңғы жылдары қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу оң динамиканы көрсетті. 2024 жылы жалпы белгіленген қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу көлемінің үлесі 20,3% құрады. 2021 жылы ол 15% болатын. Осы көрсеткішті ұлғайту мақсатында қазіргі уақытта “Радуга” компаниясы ҚТҚ-ды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша Техно-экопарк құру жөніндегі жобаны іске асырып жатыр.
Бағдарлама аясында абаттандыру бойынша ауқымды іс-шаралар қолға алынған. Балалардың 36 ойын алаңы мен 40 спорт алаңы орнатылды. Облыста 34 мың ағаш отырғызылды. Сенбілікке 158 мыңнан астам адам қатысты. Жалпы тазалық пен абаттандыру мәселесінде цифрландырудың қаншалықты көмегі бар. Жиында ол мәселе де назарсыз қалмады. Бүгінде облыс бойынша 43 мыңға жуық бейнекамера жұмыс істейді.
АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ, СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
– Жалпы, 2024 жылы облыс орталығында – 626, аудандарда 342 камера орнатылды. Аудандарындағы бейнебақылау жүйесіне қосылған камералардың жалпы саны – 1782.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бейнекамералар контейнерлік алаңдарда орнатылған, абаттандыру ережелері бар. Тек облыс орталығында 23 мың камера бар. Неліктен қала соншалықты лас? Контейнер алаңдарының жанында қоқыс тау болып үйіліп жатады. Ескі жиһазды ол жерге тастамай үй иелері оларды қоқыс полигонына өздері апарулары қажет.
“Таза Қазақстан” бағдарламасы басталғаннан бері абаттандыру бойынша 271 іс-шара ұйымдастырылып, 3 мыңға жуық экологиялық акция өткізілді. Ұлттық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл шараларды одан әрі жалғастырып, абаттандыру жұмыстарын да қатар жүргізу керек деп атап көрсетті жиынды қорытындылаған облыс әкімі.
“Қызылжар” телеарнасы