Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет

Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Сол мақсатта облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы Алматы қаласындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп іс-шара өткізді. Жиынға облыстың түкпір-түкпірінен келген диқандар қатысты. Басқосуға “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ директорының орынбасары Гнел Арзуманян шақыртылыпты. Ол аграрилерге “Кең дала 2” жобасының артықшылықтары жайында айтып берді.

ГНЕЛ АРЗУМАНЯН, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ директорының орынбасары:

– Жобаның ерекшелігі – шаруаларға 5 пайыздық үстемақымен несие беріледі. Бұрын фермер 100 пайыздық кепіл ұсынды. Қазір қарыздың 15 пайызына ғана кепіл қажет. 2-ші деңгейлі банктер қарыз ұсынады, ал 85 пайызын “Даму” қоры кепілдендіреді. Бұл – шаруалар үшін зор мүмкіндік.

Ауыл шаруашылығы бұрын машақаты көп әрі тиімсіз кәсіп болып саналатын. Бұл саланы болжаудың өзі қиын. Себебі, ол ауа райы мен кенеттен орын алатын апаттарға тікелей тәуелді. Ғасырлар бойы қалыптасқан көзқарасты бүгінгі таңда агротехнологиялар түбегейлі өзгертіп отыр. Келген мамандардың сөзінше, заманауи технологиялар диқандарға миллиондаған қаржы шашпай-ақ мол өнім алуға мүмкіндік береді.

ДМИТРИЙ УСОВ, “AgroLab” ЖШС бас директоры:

– Сапалы тұқымды құнарсыз жерге ексек мол өнім ала алмаймыз. Минералды тыңайтқыштар топырақ құрамына қатты әсер етеді. Тыңайтқыштар топырақтың химиялық, биологиялық және физикалық қасиеттерін арттырады. Қажетті дүниенің негізі калий мен фосфордан тұрады. “AgroLab” агрохимиялық зертханасы осы элементтерді қолданып, минералды тыңайтқыштарды өндіргісі келеді. Біз бүгін білікті мамандардан кеңес алып, игі істі қолға алмақпыз.

Айта кету керек, өткен жылы облысымыз ауыл шаруашылығы саласында 937 млрд теңге пайда тапқан. Бұл – ел бойынша екінші көрсеткіш.

 

Нұрасыл Ахмет